Жарысқа басқа өңірлер мен қала атынан барлығы 10 команда қатысты
Бүгін психоневрологиялық ауытқуы бар жандар арасында шағын футболдан Seni Cup республикалық турнирінің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Салтанатты шарада «Нұр Отан» партиясының өкілдері мен турнир ұйымдастырушылары құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарысқа басқа өңірлер мен қала атынан барлығы 10 команда қатысты. Жеңімпаздар ертең анықталады.
«Жарыс жеңімпаздары жылдағы дәстүрге сай Польшада өтетін халықаралық турнирде ел намысын қорғайды. Мұндай жобаның негізгі мақсаты – психоневрологиялық интернатта тұратын адамдардың өмірін жақсарту. Және осындай жандар арасында спорттық жарыстарды дәріптеп, олардың физикалық дамуына қолдау көрсету», – деді ұйымдастырушы Лаура Әбжанова.
Мамандар соңғы уақытта турнирге қатысқысы келетіндердің саны көбейіп, ауытқуы бар жандар арасында бәсеке артқанын айтады. Тіпті, 2017 жылдан бері дәстүрлі түрде өтетін жарыстың тұрақты қатысушылары да бар екен.
«3 жыл қатарынан 1-ші орын алдық. 2 рет Қазақстан атынан Польшаға бардық. Енді осы турнирде ұтуға тырысамыз», – деді жаттықтырушы Тимур Үсенбаев.