Бүгін әуежайға еліміздің түкпір-түкпірінен жанкүйерлер жиналып, жүлдегерлерімізді салтанатты түрде қазақи дәстүрмен қарсы алды
Паралимпиадашылар елге оралды. Олардың арасында Токиода өткен 16-шы жазғы ойындарда көк туымызды желбіретіп, қоржынға жүлде салған дзюдошыларымыз бар. Спортшыларды әуежайдан күтіп алу үшін қалың жанкүйер жиналып, қуанышты бірге атап өткен болатын, деп хабарлайды Almaty.tv
Бүгін әуежайға еліміздің түкпір-түкпірінен жанкүйерлер жиналып, жүлдегерлерімізді салтанатты түрде қазақи дәстүрмен қарсы алды. Паралимпиадашылардың арасында ел қоржынына 3 бірдей олжа салған дзюдошымыз Әнуар Сариев пен Дәулет Теміржан және Зарина Байбатина бар.
«Ендігі мақсат – Азия чемпионатында топ жару. Жалпы турнир өз деңгейінде өтті. Маған жанкүйер болған барша көрерменге алғысым шексіз», – деді Токио паралимпиадасының күміс жүлдегері Зарина Байбатина.
Одан бөлек, Токио төрінде 60 келіде сынға түскен Әнуар Сариевтің жетістігі сенсация болды. Ол алғашқы айналымдарда монгол және венесуэлалық қарсыластарынан басым түссе, жартылай финалда өзбек спортшысын жеңді. Ал ақтық сында әзірбайжандық Вугар Ширинлинге есе жіберді.
«Олимпиадада өзіміздің туымызды көтеріп, әнұранын шырқатқым келді. 3 айдан кейін бұйырса Азия ойындары, әлем чемпионаты болады. Жарыстар өте көп. Енді әрі қарай тоқтамай, барымызды салып дайындаламыз», – деді Токио паралимпиадасының күміс жүлдегері Әнуар Сариев.
Ал, Атыраулық парадзюдошы Дәулет Теміржан 73 келіде финалға дейін сүрінбей жетіп еді. Алайда, өзбекстандық Феруз Саидовтан жеңіліп, күміс жүлдегер атанды.
«Ештеңеге қарамастан барымызды салып дайындалдық. Бәрінен бұрын Грузиялық спортшы мықты қарсылас болды. Әрине, алтын алмағаным өкінішті. Бұйырса Парижде өтетін ойындарға жақсылап дайындалып, топ жарғым келеді», – деді Токио паралимпиадасының күміс жүлдегері Дәулет Теміржан.
Айта кетейік, Қазақстан паралимпиада құрамасы әзірге 1 алтын, 3 күміс медальмен турнир кестесінде 40-шы орында келе жатыр.