Талай таланттың шыңдалуына себепкер болған Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов қазір немен айналысып жүр? Кезінде ол бокстан ұлттық құрамаға бас бапкер болғанда ел спортының жұлдызы жарқырады десек артық емес. Алпысты алқымдаған білікті маман әлі де талай чемпионды баптап шығаруы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Біз спорт залына келгенде, білікті бапкер шәкірттеріне нұсқау көрсетіп жатыр екен. Шаршы алаңның арқанына сүйеніп, рингте бірін-бірі төпелеген боксшыларға жігер беруде. Тап осы қалпы 19 жыл бұрын аққан жұлдыздай жарқ еткен марқұм Бекзат Саттархановты, ел мақтанышына айналған Ермахан, Болат, Мұхтарханды қамшылаған кезіне қатты ұқсап кетті.
Қалтаның қамын емес, нәтижені ойлаған бапкер жас жеткіншектерді тегін жаттықтырып жүр. Тек жаттығу залының ай сайынғы коммуналдық қызметінің ақысы ғана қалтаға бататын көрінеді. Демеушілер табылып жатса болашақ чемпиондарды дайындауға қалған бар ғұмырымды ойланбастан сарп етер едім дейді Тұрсынғали Еділов.
«Осы зал ашылып жатыр. Білесіздер, тағы да «Думан» ықшамауданында өзімнің залым бар. Тағы да ашқалы жатырмыз. Бірақ бәрін жеке өзіміз сатып алып жатырмыз. Жарық, жылу, су бар. Коммуналдық төлем өте қымбат қазір. Тапшылық көріп жатырмыз. Сол кедергі болып жатыр», – деді ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали ЕДІЛОВ.
Алты алаштың абыройын асқақтатқан Сидней олимпиадасында жігіттеріміз көк туымызды көкке көтеріп, елге жеңіспен оралды. Тарихтың таспасында алтын әріппен жазылып қалған осы олимпиадаға саңлақтарымызды алып барған азамат Тұрсынғали Еділов болатын. Бұл есімді естігенде елең етпейтін қазақ жоқ. Себебі, ол ұлттық құрамаға жетекшілік еткен жылдары ел боксының жұлдызы жарқыраған болатын. Содан бері, былғары қолғап шеберлерінің еңбегі еленіп, жаттықтырушы тасада қалып қойды дейді әріптестері.
«Тұрсын ағамыз шеттетіліп қалды. Оған шыны керек, ішім күйеді. Себебі ол кісінің тәжірибесі өте мол. Мен Тұрсын ағаның қасында жүріп үйренгенім үшін өзімді бақыттымын деп санаймын. Әр адам өзінің көрген-білгенін шәкірттеріне үйретіп кетуі керек», – деді жаттықтырушы Әли ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ.
Десе де атқамінерлер бапкердің бұл жағдайын атүсті қарамапты. Жақында Алматы қаласының шенеуніктері бапкердің жаттығу залына бас сұғып, көмек қолын созамыз депті.
«Алматының спорт комитеті көмектескелі жатыр. Басшылары келіп қуантып кетті. Неге десеңіз, мұндай зал қалада жоқ. Енді берген уәделерінде тұрса жақсы болар еді», – деді ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали ЕДІЛОВ.
Қазақ боксын жандандыруға жастық жалынын, бойдағы қабілет-қарымын арнаған аға жаттықтырушы қазір жаттығу залын ашып, бокс үйірмесін жүргізеді. Бойында таланты мен икемі бар жастарды кеудесінен қақпай, қанатының астына алып боксқа баулып жүр.
«Тұрсынғали мен Жанат ағайлардың қолында дайындалып жатырмын. Аллаға шүкір, жаман емес. Жетістігім жақсы. Маған барлық білгендерін беріп жатыр. Қазір жасым 18-де. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дегендей ғой. Бәрі Алланың қолында. Белгісіз. Бірақ мақсатым – олимпиада чемпионы болу», – деді Т.Еділовтің шәкірті Ерасыл ЕРМЕКБАЙҰЛЫ.
Төрт қазақты Олимпиаданың финалына шығарып, Сиднейдегі даңққа себепкер болған тұлға көптен бері тасада қалып қойса да, жанкүйер жүрегінен жоғалмағаны үшін бақытты. Әлі де берері көп бапкердің арманы – талай Әлем және Олимпиада чемпиондарын шығару.
Қуан Нұрақын, Әсет Құндақбаев «Алматы» телеарнасы