Бүгін Қазақстан құрамасы XXIV Қысқы олимпиада ойындарындағы алғашқы іріктеу сындарын бастайды. Әуелі жарыс жолына фристайл-могулшыларымыз шығып, өнер көрсетеді. Олардың арасында 2018 жылы Пхёнчхан олимпиадасының қола жүлдегері атанған Юлия Галышева бар. Ал шаңғымен тұғырдан секіретін спортшыларымыз да бірінші ресми жаттығуына кіріседі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Фристайл-могул – қазақстандық жанкүйерлер әркез медаль күтетін ойын түрі. Отандастарымыз аталмыш спорттан халықаралық жарыстарда көзге түсіп, әлем чемпионаттарында лайықты қарсылас атанып жүр. Ел намысы үшін сынға түскелі жатқан атлеттер іріктеу аясында қазақстандықтардан қолдау күтетінін жеткізді.
Фристайл-могулдан 6 спортшымыз өнер көрсетеді. Әйелдерден Юлия Галышева мен Аяулым Әміренова, Анастансия Городко мен Олеся Граур бүгін сағат 4-те жарыс жолына шығады. Ал ерлерден Павел Колмаков пен Дмитрий Рейхерд бақ сынайды.
«Трасса тамаша. Олимпиадалық талаптарға толығымен сай келеді. Әрине, кемшілігі де жоқ емес. Бұл әрбір жарыс жолында кездеседі. Мұндағы жарыс жолы сәл қаттылау. Олимпиада қарсаңындағы көңіл күйіміз тамаша, ештеңе мазаламайды», - деді фристайл-могулдан ұлттық құрама мүшесі Павел Колмаков.
Айта кетейік, Қысқы олимпиада ойындарының ресми ашылуы ертең елорда уақытымен сағат 17:55-те басталады.
Мерей Қанапиянов, «Алматы» телеарнасы