12 елден барлығы 40-қа жуық спортшы бақ сынады
Фристайлдың акробатика түрінен қазақстандық спортшы жеңіс тұғырына көтерілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Іле Алатау баурайында аталған спорт түрінен Әлем кубогының кезекті кезеңі аяқталды. Онда 12 елден барлығы 40-қа жуық спортшы бақ сынады. Қазақстан намысын 7 спортшы қорғады.
Алматы фристайлдың акробатика түрінен Әлем кубогы кезеңін алғаш рет қабылдап отыр. Сондықтан болар, мұндағы спортшылардың барлығы тәжірибелі. Ал жанкүйер қауым таң атпастан келіп, өз спортшыларына қолдауларын аямады. Бір куантарлығы қазақстандықтар арасында бұл спортқа қызығушылар күн санап артып келеді
БЛИЦ:
Әйелдер арасында Қазақстан намысын 4 спортшы қорғаса, оның 3-і жартылай финалға жолдама алды. Ал суперфиналда тек Жанбота Алдабергенова өнер көрсетті. Ол жиналғандардың үмітін ақтап қола медальға қол жеткізді. Бірінші орын АҚШ спортшысына бұйырса, күміс Украиналықтың еншісінде.
Ал ерлер арасында АҚШ спортшысына тең келер ешкім болмады. Күміс Швейцариялық Вернер Пирминнің қанжығасында кетсе, кола Беларусь елінің спортшысы Дик Павелге бұйырды.
«Әрине, қуанышымда шек жоқ. Мен бұл жарыста жеңіске жету үшін тыңғылықты дайындалдым. Қарсыластарым да мықты болды. Ал трасса мен ұйымдастыру жағына келер болсам, барлығы ең жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған», – деді Фристайлдан әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы, америкалық Лиллис КРИСТОФЕР.
Айта кету керек биылғы маусымның соңғы кезеңі келесі демалыста Красноярск қаласында өтеді. Ал осы жексенбіде, яғни бірінші наурызда «Шымбұлақ» тау шаңғы курортында фристайлдың могул түрінен Әлем Кубогының кезеңі өтеді.
Арнат Дүйсен, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы