Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 30 спорт түріне қатысады

20.09.2023 22:09

Ел намысын 500-ден аса спортшы қорғайды

Almaty.tv

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін XIX жазғы Азия ойындарының басталуына 3 күн қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өткен жылы өтуі керек болған спорттық сайыс пандемия әсерінен кейінге шегерілген еді. Додаға Азия олимпиадалық кеңесіне мүше 45 ел қатысады. Қазақстан атынан ел намысын қорғайтын 500-ден аса спортшыны шығарып салу үшін олимпиадалық даярлық базасында салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.

– Министрлік, федерация, Ұлттық олимпиада комитеті тарапынан барлық жағдай жасалды. Азия ойындарында жеңіспен оралуға тырысамыз, – деді олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов.

Азия ойындары 23 қыркүйек басталып 8 қазанға дейін жалғасады. Дүбірлі додада Қазақстан 30 спорт түрінен бақ сынайды.

Айта кетейік, 2018 жылы Индонезия астанасы Джакарта қаласында өткен жазғы ойындарында Қазақстан 15 алтын, 18 күміс, 43 қола ұтып, жалпы есепте 9-орын алған еді.

– Биыл 2018 жылы кеткен қателіктермен жұмыс істеп, жақсы нәтиже көрсетеміз деген ойдамыз. Спорт түрлері де барлық жағынан дайын. Командама сәттілік, жігер тілеймін! – деді Қазақстан ерлер құрама командасының дзюдодан бас бапкері Нұрбол Сүлейменов.

– Дайындалуға бір жыл уақыт болды. Шетелге жарысқа бардық, сол жақта оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Жүлдемен қуантамыз деп уәде бере аламыз, – деді дзюдодан ұлттық құрама мүшесі Әбиба Әбужақынова.

Оқи отырыңыз: Су тегін: бағыңды сынап, сыйлық ұтып ал