Бұл топта барлық құраманың жарысты жалғастыру мүмкіндігі бар
Қатарда өтіп жатқан футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатында бүгін Е тобында үшінші тур ойындары өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Аталған топтағы екі ойын да елорда уақытымен 1:00-де басталады.
Бұл топта барлық құраманың жарысты жалғастыру мүмкіндігі бар. Екі ойыннан кейін Испанияның - 4, Жапония мен Коста-Риканың - 3, Германияның -1 ұпайы бар.
Жапония мен Испания кездесуі «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Ойын ел астанасы - Доха қаласындағы 45857 жанкүйерге арналған «Халифа Интернейшнл» стадионында өткізіледі.
Бас төреші - Оңтүстік Африка өкілі Виктор Гомес. Оған отандасы Захеле Сивела мен лесотолық Суру Фатсоан көмектеседі. Қосалқы төреші - руандалық Салима Мукансанга.
FIFA рейтингінде Жапония - 24, Испания 7-орында тұр.
Екі құрама бұған дейін екі мәрте кездесті. 1968 жылы Олимпиада ойындарында 0:0 есебімен тең түссе, 2001 жылы жолдастық кездесуде Испания 1:0 есебімен жеңіске жетті.
Ал аталған топтағы Коста-Рика мен Германия кездесуін жанкүйерлер «Qazsport» телеарнасынан тамашалай алады.
Ойын Эль-хаур қаласындағы 68895 жанкүйерге арналған «Эль-Байт» стадионында өтеді.
Бас төреші - франциялық Стефани Фраппар. Ол ерлер арасындағы футболдан әлем чемпионатында төрелік еткен алғаш әйел атанбақ.
Оған бразилиялық Неуза Инес Бакк пен мексикалық Карен Ханетт Диас Медина көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші - гондурастық Саид Мартинес.
FIFA рейтингінде Коста-Рика - 31, Германия 11 орында тұр.
Екі құрама бұған дейін бір мәрте кездесті. 2006 жылы әлем чемпионаты топтық кезеңінде Германия аталған қарсыласынан 4:2 есебімен басым түсті.
Айта кетсек, бұған дейін жарыстың 1/8 финалына Франция, Австралия, Бразилия, Португалия, Нидерланд, Сенегал, Англия, АҚШ, Аргентина, Польша құрамалары жолдама алды.