Джиу-джитсудан әлем чемпионатында топ жарған Самат Айтпанбет елге оралды

13.04.2021 22:22

Спортшыны әуежайдан қарсы алу үшін барлық ет жақындары жиналып, қуанышты бірге атап өтті

Джиу-джитсудан өтіп жатқан әлем чемпионатында топ жарған Самат Айтпанбет елге оралды. Спортшыны әуежайдан қарсы алу үшін барлық ет жақындары жиналып, қуанышты бірге атап өтті. Себебі бұл жетістіктің арқасында еліміздегі қоңыр белбеу иегерлерінің арасынан суырылып шыққан тұңғыш әлем чемпионының қазақ спорты тарихында аты қалатын болды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі өрбітсін.

Бұл жиналып тұрғандардың барлығы сағат санап, спортшының келуін тағатсыздана күтіп тұр. Олардың арасында Саматтың әкесі мен ет жақындары және достары бар. Аз уақыттан соң чемпионның өзі де бой көрсетіп, мүлгіген тыныштыққа жан бітіргендей болды.

Барлығы спортшыны ортаға алып, қуанышын бірге бөлісті. Әкесінің айтуынша, Самат бала күнінен барлық спорт түріне қызығушылығы зор болған. Оның спорттағы алғашқы баспалдағы 5-сыныпта оқып жүргенде басталыпты.

«Ол жастайынан спортқа құмар бала болған. Соған жол көрсеткен менмін. Одан кейінгі білесіздер, жас та болса көреген Нұрсұлтан ағайы. Сол өзі тәрбиелеп, өзінің бар білгенін үйретті. Соның арқасында Қазақстанның көк туын желбіретіп жатыр. Өте қуаныштымыз», – деді әкесі Мұрат Айтпанбетов.

Абу-Даби қаласында өткен әлем чемпионаты Саматтың халықаралық деңгейдегі 3-жарысы екен. Ол бозкілемде 4 рет өнер көрсетіп, барлығын қарсыластыран айқын басымдықпен ұтқан. Алайда бәрінен бұрын бірінші кездесуім оңайға соққан жоқ дейді, спортшының өзі. Нәтижесінде, ұзақ жылдар бойғы дайындықтың арқасында 56 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарды. Ал, екінші және үшінші орынға бразилиялықтар жайғасты.  

«Әрине, қобалжу болды. Бір жағынан енді 1-орын алған кезде өз-өзіме сенбедім. Өйткені барлық спортшы бір мақсатпен барды ғой чемпион боламыз деген. Бірінші орын алды дегеннің өзі өте қобалжулы көңіл-күй ғой енді. Шықтық. Барлық мемлекет қарады», – деді әлем чемпионы Самат Айтпанбет.

«Осыдан 5 жыл бұрын маған жаттығуға келген болатын. Әрине, бұл Саматтың еңбекқорлығының арқасы және ол Сағадат батыр спорт клубындағы әрбірінің өз үлесі бар. Себебі Самат солармен бірге жаттығу жасап, барлық жарыстарға солармен бірге дайындалады», – деді  чемпионның жеке бапкері Нұрсұлтан Орынбасаров.

Еске сала кетейік, Самат Айтпанбеттің бұл жетістігі еліміздегі қоңыр белбеу иегерлерінің арасынан шыққан ересектер арасындағы тұңғыш әлем чемпионы ретінде тарихта қалатын болады.

Мерей Қанапиянов, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы