Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасында тұңғыш рет әлем чемпионатына жолдама алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен Азия/Тынық мұхит аймағы іріктеу турнирінде қазақстандықтар үшінші орынға ие болды.
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы үшінші орын үшін бәсекеде Таиландпен сынға түсті.
Бірінші ұпайды Дамир Жалғасбай әперді. Жас қазақстандық теннисші бірінші партияда 2:6 есебімен есе жіберді.
Есесіне екінші сетте 1:4 есебімен жеңіліп жатып, таразы басын өзіне аудара білді.
Үшінші - шешуші партияда есеп 3:5 болған мезетте таиландтық теннисшінің екі матчболын пайдалануына мүмкіндік берген жоқ. Сосын тағы бір брейк жасап, жеңісті жұлып алды - 7:5.
Бұдан кейін Заңғар Нұрланұлы қарсыласын 6:2, 6:1 есебімен тізе бүктірді.
Есеп 2:0, Қазақстанның пайдасында.
Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы алғаш рет биыл күзде өтетін әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатысады.