Алматының жас боксшылары «Канело» залында жаттығу мүмкіндігіне ие болды

09.11.2023 02:22

21-22 қазанда елордада «Green Belt WBC Kazakhstan» пилоттық жобасының финалы өтті

РСК

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында 2007-2008 жылғы жасөспірімдер арасындағы кәсіби бокстан Азиядағы бірінші турнирдің жүлдегерлері мен олардың тәлімгерлерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 21-22 қазанында елордада «Green Belt WBC Kazakhstan» пилоттық жобасының финалы өтті. Ақтық жекпе-жектің қорытындысы бойынша үш алматылық жас боксшы WBC чемпионы белбеуін иеленіп, 1 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтың иегерлері атанды.

Баспасөз конференциясында сөз сөйлеген Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының бас хатшысы Болат Манкенов бұл жарыс дәстүрлі түрде АҚШ, Аргентина және Мексика елдерінде өткізілетінін атап өтті.

«Жарысты ұйымдастыру жоғары деңгейде өтті. Оларға Республиканың барлық қалаcы мен облыстарының жас спортшылары қатысты. 20 өңірлік дивизион құрылып, іріктеу жарыстары басталды. Гранд-финалда төрт аймақтың чемпиондары, бес түрлі салмақ дәрежесінде жасыл белбеу үшін бақ сынасты», - деді Б.Манкенов.

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Виктор Демьяненконың айтуынша, бұл турнир тек кәсіпқойлар арасында ғана емес, сонымен қатар бокс әуесқойлары арасында да танымал. Ол мұндай жарыстарды өткізу бокстың дамуына және жаңа чемпиондардың пайда болуына серпін беретініне сенімді.

«Турнирге әуесқой бокспен айналысатын балалар қатысты, бірақ бұл титул олардың одан әрі дамуына және Қазақстан құрамасының көшбасшыларына ұмтылуына кезекті ынталандыру болатынына сенімдімін. Солай болатынына сенеміз, сондықтан мұндай жобаны боксшыларымыз бен көрермендеріміз үшін пайдалы деп санаймыз», - деп бөлісті ол.

Спортшылар турнирге екі ай дайындалды. Келесі жылы чемпиондар әйгілі боксшы Сауль Альвареспен бір залда «Канело» лагерінде жаттығу өткізуді жоспарлап отыр. ӨКҚ алаңына жас боксшылар қатысты.

«Мені боксқа әкем алып келді. Ол бұрын бокспен айналысқан және мені әр уақытта өзімен бірге жаттығуға апаратын. Сол кезде мен осы спорт түрімен айналысамын деп шештім. Кәсіби бокстағы негіздер мен жаңа тәсілдерді көріп, білу жоспарда бар», - деп атап өтті өз кезегінде боксшы, Green Belt WBC Kazakhstan белбеуінің иегері Асанәлі Сәтпаев.

Green belt WBC Kazakhstan белбеуінің тағы бір иегері, боксшы Абай Байғалық боксқа өзінің кумирі - атақты қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің жетістігінен шабыт алып келгенін атап өтті.

«Біздің қазақстандық боксшының әрбір жекпе-жегін көріп, оның жеңістеріне қызығушылық танытып, мен боксты таңдаймын деп шештім. Сондай-ақ маған Жәнібек Әлімханұлының стилі мен мәнері ұнайды, шетелдік боксшылардан мен Джарон Эннисті атап өтер едім», - деді ол.

Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, боксшы, Green Belt WBC Kazakhstan белбеуінің иегері Зульфат Ярмұхамедов турнир кезіндегі қиын сәттер туралы айтып берді. Мысалы, егер жас боксшылар бұрын үш раундта жекпе-жек өткізсе, бұл жарыс төрт раунд бойы өтті.

«Біз әрқашан үш раунд жұдырықтасатынбыз. Төртінші раунд - бұл басқа деңгей және әлдеқайда ауыр, мұнда мінез көрсетуден басқа жолы жоқ», - дейді ол.

Сондай-ақ жас спортшылар жаттықтырушының рөлін атап өтті. Оған да көп нәрсе байланысты. Бірақ спортшының жеке мотивациясынсыз жетістікке жету қиын дейді олар.

Федерация чемпиондардың өзінен басқа, жазғы демалыс кезінде «Канело» лагеріндегі оқу-жаттығу жиындарына турнирдің жүлдегерлері де қатысатынын атап өтті.