XXXIII жазғы олимпиада ойындары: ел құрамасында 19 лицензия бар

19.02.2024 23:45

Отандастар 100-ге жуық жолдамаға қол жеткізуден үмітті

Фото: elements.envato.com

Бес айдан соң Франция төрінде жалауы желбірейтін XXXIII жазғы олимпиада ойындарына қазақстандық спортшылар да қатысады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Төрт жылда бір болатын  бәсекеге баруға ел құрамасында әзірге спорттың 8 түрінен 19 лицензия бар. Олар: садақ ату, велошоссе, оқ ату, грек-рим және еркін күрес, бокс сынды сайыстар. Дүбірлі додада ұзын саны 32 спорт түрінен 329 медаль сарапқа салынады. Шілдеге дейін 90-ға тарта лицензия таратылатын турнир бар. Отандастарымыз 100-ге жуық  жолдамаға қол жеткізуден үмітті.

– Маусымға дейін 70-ке жуық лицензиялық турнир, Азия және әлем чемпионаты өтеді. Сол мезгілге дейін  20-25 спорт түрінен қоржынды 100 лицензиямен толықтыруды көздеп отырмыз, – деді ҚР Туризм және спорт министрінің кеңесшісі Диас Ахметшәріп.

Қазақстан құрамасы киетін олимпиадалық форма әлі дайын емес көрінеді. Министрлік өкілінің сөзінше, спортшылардың киім үлгісі жақын арада көпшілік назарына ұсынылмақ. Оның да өзіндік дизайнерлік талаптары, сапасына қатысты шарттары әзірленген. Нұсқалар келісілген соң, форманы тігуге арналған ашық конкурс өтпек.

Айта кетейік, Париждегі олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.

– Командалар дайындалып жатыр.  Парижде де, менің ойымша, Токио олимпиадасындағы жағдай қайталанады. Өйткені жүйе бір жолға түскен жоқ, – деді спорт журналисі Аслан Қаженов.

Оқи отырыңыз: Алматыда 25 ақпанда Winter Run 2024 қысқы мерейтойлық жарыс өтеді