Қызылордалық палуан Нұрым Сәлімгерей алтын белбеудің иегері атанды
Алматыда қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада және әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтың жүлдесіне арналған халықаралық турнир өтті. Елімізде белдесуден тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған жарысқа тілшімізде қатысып қайтқан еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Алматы қаласында ғана емес, мұндай турнир Қазақстанда тұңғыш рет өтіп жатыр. Белдесуді өткізудегі мақсат – қазақ күресі, грек-рим, еркін күрестерін насихаттау», – деді алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Мақсат ҚИҚЫМОВ.
Аталған жарысқа Қырғызстан, Өзбекстан басқа да алыс жақын шетелдерден 80-нен аса спортшы бақтарын сынауда. Жарыстың жүлде қоры – 1 миллион теңге. Бабы келіскен палуандар жүлдені сарапқа салуды бастап кетті. Сайыстың бас төрешісінің айтуынша белдесуге еліміздің ең мықты спортшылары қатысып жатыр.
«Бүгінгі шарамыздың басты үміткерлері, басты фавориттері Түркістан облысынан келген Мұзафар Бексұлтан бауырымыз, Алматы қаласының балуаны Руслан Әбдіразақов, Шымшиев Саят деген және былтырғы «Халық барысында» екінші орын алған Жиентаев деген палуандарымыз бар. Сол палуандар осы жарыста алдыға шығады деп ойлаймыз», – деді белдесу жарысының бас төрешісі ЕРЖАН БЕЛГІБАЕВ
Ал Жақсылық Үшкемпіров ізгі құрметке ризашылығын білдіріп, Алматы қаласы әкімідігінің қолдауы үшін алғысын айтты. Осындай шаралар жиі өткізіліп тұрса, күрестен әлем чемпиондары көптеп шығатынан сенімді екенін сөз етті.
«Мұның барлығы – кішкене жастарға демеу болып, артымнан еретін ізбасарларым көбірек болса деген ниет қой. Ертең елді басқаратын, туымызды желбірететін осы жастар. Сондықтан да осындай жастар көп болса деген ниетпен бүгінгі жарысты өткізіп жатырмыз», – деді грек-рим күресінен Олимпиада және Әлем чемпионы Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ.
Атаулы жарысқа ұлт мақтанышы Жақсылық Үшкемпіровты өмірдегі аға-інілері, белгілі азаматтар да қолдай келіпті.
«Ағамыз қазақтан шыққан әзірге жалғыз қазақ Олимпиада чемпионы болып тұр әзірге. Тәуелсіздік алғалы бері әлі чемпион шықпады. Бұл батыр халықтың ұрпағы үшін ұят. Жақсылық ағамның жігіттік мінезі деп ойлаймын чемпион қылған. Жақсылық ағамыздың ізін басатын ұлдар өмірге келе берсін дегім келеді. Өзі бір жапырақ болса да бүкіл қазақ жүрегіне сыйып кетеді ғой. Тура солай болуды бәрімізге нәсіп етсін», – Ережесіз жекпе-жектен үш дүркін әлем чемпионы Ардақ НАЗАРОВ.
«Белдесу деген – өзіміздің көне күресімізді жаңғырту жолында жасалынып жатқан әрекет. Бұл күрестің болашағы зор деп ойлаймын. Басқа күрестермен салыстырғанда өте әділетті. Біздің бабаларымызда осындай ережемен күрескен кезінде. Сондықтан ризашылығымды білдіргім келед», – деді ҚР Қазақ күресі федерациясының президенті Арман ШОРАЕВ.
Сонымен, сайыстың қортындысы бойынша алматылық Бауыржан Қабай үшінші орын алып 200 мың теңге иеленсе, екінші орынды түркістандық Мұзафаров Ерсұлтан алып, қанжығасына 300 мың теңгені басты. Ал, бүгінгі турнирдің жеңімпазы, 500 мың теңгенің және алтын белбеудің иегері қызылордалық палуан Нұрым Сәлімгерей атанды. Бұл айтулы жарыс дәстүрге айналып, келер жылы да жалғасын таппақ.