Ол жекелей өнер көрсетуде үздік шықты
Чэндудегі Бүкіләлемдік жазғы Универсиада таэквондодан Рита Бакишева алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Almaty.tv.
46 келіге дейінгі салмақта Рита Бәкішева финалда Қытай Тайпейінің өкілін жеңді. Қытайда өтіп жатқан жазғы Универсиадада қазақ жастары қоржынға 4 күміс пен 4 қола жүлде түсірді. Ұлттық құраманың қанжығасын нысана көздеу шеберлері мен дзюдошыларымыз майлады.
Ислам Сәтбаев, Никита Шахторин мен Константин Малиновскийлер 3 мың 507 ұпай жинап, 50 метр қашықтан көздеу бойынша екінші орынға табан тіресе, 10 метрден ату бойынша 1878 ұпаймен қола жүлдеге ие болды. Чэндудегі сайыста жақында ғана әлем чемпионы атанған отандасымыз Никита Чирюкиннің де бағы жанды. Кіл мықтылар қатысқан жарыста ол тапанша атудан күміс жүлде алды. Ал Эльжана Таниева жекелей өнер көрсетуде үздік шығып, жалғыз өзі қоржынға 3 медаль салды.
– Мен күткендей нәтиже. Қарсыластарымның деңгейінде өнер көрсетуге барымды салдым. Әрине, көп кемшілік болды. Енді алдағы сайыстарға мықтап дайындаламын. Кеткен қателермен жұмыс істеу керек, – деді универсиаданың күміс жүлдегері Никита Чирюкин.
Айта кететіні, Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы жүлдені 66 келі салмақта күрескен Сұңғат Жұбатхан салды. Ол Әзірбайжан, Түркіменстан және Венгриялық қарсыластарынан басым түсті. Әттең, жартылай финалда жапон спортшысына жол берді. Осылайша үшінші орын үшін белдесуде өзбекстандық палуанды жеңді. Қоржынға қола салған тағы бір спортшымыз Асқар Нарқұлов болса, үшінші орынға таласта қырғызстандықты ұтқан болатын.
– Негізі мақсатым алтын болған. Қазақ еліне алтын алып бергім келді. Өкінішке қарай, моңғол палуанымен күресте 1-2 қате жіберіп алдым. Енді сол қола медаль бұйырған екен, – деді универсиаданың қола жүлдегері Сұңғат Жұбатхан.
Оқи отырыңыз: Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына орай Алматыда бәйге өтті