Спортшыларымызға алғысхатты қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев табыстады
Алматыда әлем чемпионаты мен Азия ойындарының және Азия параойындарының жүлдегерлерін салтанатты марапаттау шарасы өтті. Еліміздің көк байрағын желбіретіп, құрама қоржынын толықтырған спортшыларымызға алғыс хат пен ақшалай сыйлықты қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев табыстады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Байрақты бәсекеде топ жарып, ел абыройын асқақтатқан жеңімпаздардың жаттықтырушыларына да арнайы сый қарастырылған.
– Алматыда паравелоспорттың тарихы өткен жылы басталды. Ресми түрде былтыр ашылып, бір жылдың ішінде өте жақсы нәтиже көрсеттік. Спортшылардың еңбегін бағалап жатқанына спорттағы қызметкер ретінде және де Мәжіліс депутаты ретінде шын жүректен алғысымды білдіргім келеді, – деді паравелоспорттан Азия ойындарының қола жүлдегері Кенжеғұл Сейтжан
Айта кетейік, биыл Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында Қазақстан 80 медальмен 11-орынға табан тіреді. Төрт жылда бір өтетін құрлықтық бәсекеде әлемнің 45 елінен 4 мыңға жуық спортшы сайысқа түсті. Ал Азия параойындарына еліміздің атынан спорттың 14 түрі бойынша 130-дан аса спортшы қатысты.
– Еңбегімізді елеп, қолдау көрсетіп жатыр, алғыс айтамыз. Ел абыройын асқатытып жүргенімізге өте қуаныштымыз. Алдағы мақсат – олимпиада ойындарының шыңын бағындыру, – деді бокстан әлем чемпионатының қола жүлдегері Алуа Балқыбекова.
Оқи отырыңыз: Алматыда әлеуметтік интеграция орталығы ашылады