2021 жылы спортшыларымыз қандай жетістігімен және жеңілісімен ел есінде қалды

31.12.2021 18:10

Алматының ел спортының дамуына қосқан үлесі орасан зор

Стоп-кадр

2021 жылы қазақстандық спортшылар түрлі дүбірлі додаға қатысып, бақ сынап көрді. Арасында қуаныш та, өкініш те болды. Кіші футболымыз Әлем чемпионатында сенсация жасаса, үлкен футбол антирекорд тіркеді. Жазғы олимпиада ойындары да сәтсіз аяқталды. Осыған қарап-ақ, бірде тасы өрге домалап, бірде ылдиға құлдилайтын, жеңісі мен жеңілісі қатар жүретін спортшыларымыздың ел намысын қорғауға қосатын үлесі қашанда орасан екенін білуге болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.         

2021 жыл қазақ жанкүйерлері үшін күтпеген оқиғаларға толы болды. Байрақты додаларда үкілеп жіберген саңлақтарымыздың көпшілігі жеңіліс тауып, елге құр қол қайтты. Ал қоржынға үнемі олжа салатындар санаулы. Сол санаулыларды саусақпен санап жіберсек, бас бармақпен бағалайтын спорттың бірі – футзал.

Футзалшыларымыз Литвада өткен әлем чемпионатында үздік нәтиже көрсетіп, жартылай финалға дейін сүрінбей жетіп еді. Алайда азулы Бразилия мен Португалияға жол беріп, үздік төрттіктен көрінді. Мұндай қарсылықты әлем мықтылары Қазақстаннан күткен жоқ.

Айта кетейік, Ұлттық құрама сапында өнер көрсететін ойыншылардың 9-ы – алматылық. Қазақстан УЕФА рейтингінде әзірге 4-орында келе жатыр.

«Тәуелсіздік алғалы бері 30 жыл ішінде алпауыт командалардың біріне айналдық, Аллаға шүкір», – дейді футзалдан Қазақстан құрамасының мүшесі Біржан Оразов.

Ал футболшылар керісінше, әлем чемпионатына іріктеу аясында өткен матчта Франциядан 8:0 есебімен ұтылып, антирекорд тіркеді. Тіпті, бұл жайт Парламентте көтеріліп, гол салмайтын, қазынаға қол салатын футболға мемлекеттен бөлінетін қаржыны тоқтату туралы ұсыныстар да айтылды. 

«Футболдан әлем чемпионатына іріктеуде Қазақстан командасының Франциядан 8:0 болып, футбол тарихындағы масқара есеппен жеңілуі елдің қатты наразылығын тудыруда. Баспасөзде аймақтардағы футбол клубтарына 71 млрд теңге жұмсалғанын, тек «Астана» клубының өзіне 15 млрд теңге бөлінгенін жарыса жазылуда», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса.

Клубтар арасында алматылық «Қайраттың» еурокубоктік додаларда ел атынан қатысқан жалғыз құрама екенін айтуға болады. «Қайрат» ойыншылары конференциялар лигасының топтық кезеңіне шығып, тәжірибе жинақтады. Қазақстан кубогін иемденді.

Кіл мықтылар арасында Қазақстан туын бір жылда бір емес, бірнеше мәрте көкке көтерген шахматшы Жансая Әбдімәліктің де жетістігін айтуға болады. Ол Гибралтарда әлемнің ең үздік 12 шахматшысы бас қосқан турнирде жеңіске жетіп, Орта Азиядан шыққан тұңғыш гроссмейстер атағын алды.

«Турнир өте қиын болды әрі ойындар ұзаққа созылды. Себебі жарысқа әлемнің үздік спортшылары келген. Сондықтан да турнирде жеңіске жеткенім үшін өте қуаныштымын. Маған жанкүйер болғандарыңыз үшін көп рахмет», – деді шахматшы Жансая Әбдімәлік.

Ал төрткүл дүние көз тіккен Токио Олимпиадасы Қазақстан үшін сәтсіз аяқталды. Спортшыларымыз 8 қола медальмен 83-орынға тұрақтады. Мұндай көрсеткіш осыған дейінгі төртжылдықтың басты додаларында тіркелмеп еді.

Айта кетейік, Қазақстан тәуелсіз ел ретінде жазғы олимпиада ойындарына осымен жетінші рет қатысты. 1996 жылдан бері 15 алтын, 21 күміс, 36 қола еншілеп, барлығы 72 медаль жеңіп алған.

«Мен де еліме алтынмен ораламын деп ойлағанмын. Қазақтың көк туын көтеріп, әнұранын шырқатамын деген мақсатпен барған едім. Енді аздап өкініш бар. Қоламен шектелдік. Бұл енді үлкен спорттағы жеңістерімнің баспалдағы деп білемін», – деді Токио олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов.

Кейін бокстан Белград қаласында өткен әлем чемпионатында спортшыларымыз Токиода кеткен есені қайтарып, жанкүйерлерін қуантты. Байрақты додада қазақтың көк туы көкке 2 мәрте көтеріліп, әнұран шырқалды.

Ел намысы үшін ерлеп, абырой үшін терлеп жүрген боксшыларымыз әлем чемпионатында қос алтын, 2 күміс және 1 қола медаль еншілеп, командалық есепте 2-орынға тұрақтады.

Айта кетейік, Алматының ел спортының дамуына қосқан үлесі орасан зор. Қала басшылығы салауатты өмір салтын ұстанатындардың санын арттыру үшін жаттығу залдары мен алаңдарын көптеп ашуда. Тіпті, 40 мыңға жуық бала спорттың 37 түрі бойынша үйірмелерге тегін қатысады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде Алматы осы жылы еліміздегі үздік спорттық аймақ атанған болатын.

Мерей Қанапиянов, Рамазан Өмен, «Алматы» телеарнасы