Елімізде асыл тұқымды жылқы санын арттыру қолға алынбақ

17.03.2023 01:46

Жобаны республикалық жылқыларды асылдандыру палатасы мен Olimpbet букмекерлік кеңсесі бірлесе іске асырмақ

Almaty.tv

Республикалық жылқыларды асылдандыру палатасы Olimpbet букмекерлік кеңсесімен бірігіп, асыл тұқымды жылқы санын арттыруды қолға алды. Әлеуметтік жоба еліміздегі текті сәйгүліктерді өсіріп, дамытуға және ат спортын жетілдіруге бағытталған.

Отандық шабандоздар мен асыл тұқымды жылқылар әлемдік бәйге элитасына қайта оралуы керек. Осыны мақсат тұтқан республикалық палата мен букмекерлік кеңсе келісімі ендігіде елдегі ат спортының өркендеуіне атсалысады. Бұған дейін өткен ел чемпионаты да аталған ұйымдардың қолдауымен ұйымдастырылған еді.

«Біздің серіктестігіміз әлеуметтік әріптестікке бағытталған. Яғни біз бұл жобадан бір табыс тауып, пайдаға кенелуді көздемейміз. Қазақстанда бұрыннан бар дәстүрлі ұлттық спорт түрін дамытқымыз келеді. Әрине, қолдау алдымен қаржылай тұрғыда болады», – деді Olimpbet букмекерлік кеңсесінің даму жөніндегі директоры Константин Гусев.

Ал Қазақстан букмекерлер ассоциасының төрағасы Елдар Жұманың айтуынша, мұндай ынтымақтастық жылқы шаруашылығын дамытуда өте маңызды. Өйткені, мемлекеттік құрылым мен бизнес өкілдеріне аталған келісім аясында делдалсыз-ақ жұмыс істеу мүмкіндігі туған. Палата өкілдері де «букмекерлік кеңсенің қолдауы жылқы өсіру дәстүрін әрі қарай жаңғыртуға бірден бір серпін береді» деген пікірді қолдайды.

«Біз қазірдің өзінде өте тартымды сомаға толыққанды жарыс маусымын ұйымдастыруға мүмкіндік алып отырмыз. Бұл жылқы иелеріне, жаттықтырушылар мен шабандоздарға тиімді. Сондай-ақ Алматы қаласы үшін де, шабандоздарымызға қолдау көрсету үшін де айтулы спорттық шара болатыны сөзсіз», – деді жылқы тұқымдары бойынша республикалық палатаның басшысы Талғат Жайсаңбаев.

Olimpbet өкілдері аталған жобаның ат спортынан бөлек, аймақтардағы жаңа жұмыс орнын ашуға септігін тигізетінін айтады. Бұл өз кезегінде ел экономикасының бір саласын халықаралық деңгейге көтеруге түрткі болмақ.

Мадина Оқас, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы