Джиу-джитсудан әлем чемпионатының жүлдегерлері елге оралды

17.11.2021 02:08

Отандастарымызды Алматы әуежайынан күтіп алу үшін жанкүйерлер жиналып, қуанышпен қарсы алды

Almaty.tv

Әлемнің 4 дүркін чемпионы Жібек Құлымбетова мен басқа да жүлдегер спортшыларымыз елге оралды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Спортшылар Абу-Дабиде өткен халықаралық жарыста сәтті өнер көрсетіп, биік тұғырдан көрінген болатын. Отандастарымызды Алматы әуежайынан күтіп алу үшін жанкүйерлер жиналып, қуанышпен қарсы алды.  

Бүгін әуежайға жиналған қала тұрғындары спортшыларды әдеттегідей қазақы дәстүрмен шашу шашып, салтанатты түрде қарсы алды. Олардың арасында жергілікті спорт басқармасының өкілдері мен «Жанұя» балалар үйінің тәрбиеленушілері және жүлдегерлердің туыстары бар.

14 жастағы Жібек Құлымбетова Абу-Дабиде өткен Не-Ваза турнирінде Біріккен Араб Әмірлігі мен Таиланд және Ресей спортшыларынан басым түсіп, үш дүркін әлем чемпионы атанған болатын. Кейін жасыл белбеу иегерлері арасында «Abu Dhabi World Jiu-Jitsu Championchip» сайысында да бақ сынап, әлем чемпионатын 4-мәрте ұтты.    

«Бәрі өте мықты екен. Бірақ мен олардан да мықты болдым. Ол үшін өте көп еңбектендім. Ендігі жоспарым – алдағы жарыстарға мықты дайындалып, тағы да әлем чемпионы атану. Бұдан да биік белестерге жетсем деймін», – дейді джиу-джитсудан әлемнің 4 дүркін чемпионы Жібек Құлымбетова.

Одан бөлек, алматылық Нұрай Алтынбек те 40 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, турнир жеңімпазы атанды. Ал Райымбек Ержан үздік үштіктен көрінсе, Дарина Жұмаш пен Айнұр Байғұжа және Серікжан Мағаз күміс жүлдегер атанды.

«Жарыс өте жақсы өтті. Ұйымдастыру жағы да жоғары деңгейде болды. Қарсыластарымның бәрі мықты екен. Ең бастысы, чемпион атанып, жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Маған жанкүйер болғандарға алғысым шексіз», – деді джиу-джитсудан әлем чемпионы Нұрай Алтынбек.

Спортшылар мұнымен тоқтамай, желтоқсан айының соңында Мәскеуде өтетін халықаралық жарысқа дайындалып, топ жаруды көздеп отыр.

Мерей Қанапиянов, «Алматы» телеарнасы