Бейжің Олимпиадасы: Қазақстан спортшыларын не күтіп тұр

29.01.2022 02:14

Қазақстандық спортшылар Бейжіңге жетіп, олимпиадалық ауылға жайғасты

Фото: sportrg.ru

Тура бір аптадан соң XXIV Қысқы олимпиада ойындары басталады. Отандастарымыз Бейжіңге аман-есен жетіп, қажетті тексерістен өтті. Спортшылар қазір олимпиадалық ауылға жайғасыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

   

Бейжің Олимпиадасының тұмары Бин Дунь Дунь есімді панда болмақ. Қытай тілінен аударғанда «мұз» және «көңілді» деген мағынаны білдіреді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Олимпиада тұмары қатысушылар мен көрерменге қуаныш сыйлайтын қысқы спорт түрлерінің елшісі саналады.

Одан бөлек, аспанасты елі – жазғы және қысқы олимпиада ойындарын өткізген әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Сол себепті медальға өздерінің ұлттық нақыштағы құндылықтарын суреттеген. Әрі «қос олимпиадалық қала» ретінде көрсетіледі.

«Олимпиада ойындарының қағидаларына сәйкес, алтын, күміс және қола медальдардың пішіні қарапайым және 2008 жылғы жазғы ойындардың медальдарына ұқсайды. Сонымен қатар Пекинді жазғы және қысқы ойындарды өткізетін алғашқы «қос олимпиадалық қала» ретінде көрсетеді», - деді Халықаралық олимпиада комитетінің өкілдері.

Айта кетейік, логотиптің жоғарғы бөлігіндегі эмблема конькимен жүгірушінің бейнесіне, төменгі бөлігінде шаңғышының силуэтіне ұқсайды. Ұшатын лента Қытайдың тау жоталарын, спорт нысандарын білдіреді. Көк түс мақсат пен арманды, мұз бен қар тазалығын аңғартады.

Мерей Қанапиянов, «Алматы» телеарнасы