Киберспорт: Алматыда республикалық Аламан Main 3 турнирі өтті

28.12.2021 02:41

Турнирге жиналғандардың бәрі – компьютер тілін жетік меңгеріп, виртуалды ойындардың хас шеберлері атанғандар

Фото: prosports.kz

Алматыда республикалық Аламан Main 3 турнирі өтті. Тартысты доданың ақтық кезеңіне жолдама алған киберспортшылар жеңісті өзара сарапқа салып, компьютерлік ойын шеберліктерін көрсетті. Олар қазіргі уақытта танымалдылыққа ие Dota, Counter Strike және FIFA секілді виртуалды ойын түрлерінен сынға түскен болатын, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.           

Мұнда жиналғандардың барлығы – компьютер тілін жетік меңгеріп, виртуалды ойындардың хас шеберлері атанғандар. Жүлде қоры 7 миллион теңгені құрайтын турнирге өз аймақтарындағы іріктеулерден сүрінбей өткен 26 киберспортшы қатысып, 5 бағытта сынға түсті. Оның ішінде FIFA ойыны бойынша қызылордалық Нұрбақыт Мирғали жеңімпаз атанды.

«Турнир жалпы жоғары деңгейде өтіп жатыр. Осындай турнирлерді сағынып қалдық. Көбінесе карантин талаптарына байланысты онлайн болатын. Ұйымдастырушыларға көп-көп рахмет», – деді жарыс жеңімпазы Нұрбақыт Мирғали.

Мамандар киберспорттың соңғы 3 жылда елімізде қатты дамығанын айтады. Қарапайым «Аламан» турнирінің іріктеу кезеңдеріне 100-ден астам ойыншы қатысыпты. Тіпті кәсіби ойыншылардың арасында келісімге отырып, жалақы алып отырғандар бар.

«Бұл турнир «Аламан» деп аталады. Қазақстандық бренд деп айтсақ болады. Мұндай турнирлерді 2 жылдан бері еліміздің әр қаласында өткізіп келеміз. Ең бастысы, нәтиже бар. Мысалы, CS go ойнайтын ойыншыларымыз әлемдік рейтингте 42-орында тұр», – деді Қазақстан киберспорт федерациясының вице-президенті Евгений Богатырев.

Ұйымдастырушылар 2022 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің үздік ойыншыларын шақырып, үлкен турнир өткізуді жоспарлап отыр. Одан бөлек, көзге түскен киберспортшылардың Ханчжоу қаласында өтетін Азия ойындарына жолдама алу мүмкіндігі бар.

Мерей Қанапиянов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы