Лауазымды тұлғалар 6 млн теңгеден астам бюджет қаражатын заңсыз жұмсаған
Ақтөбе облысы прокуратурасы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің басшыларының бюджетке түсуге жататын спорт алаңдары мен залдарды жалға беру қызметі үшін, әуесқой спорт командаларынан алынған қаражатты негізсіз жымқырғанын анықтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлағандай, соңғы 3 жылда Ақтөбе облысында кәсіби клубтарды дамытуға арналған шығыстар 2 есеге ұлғайтылған, облыстан республикалық және халықаралық жарыстарға дайындалуға және қатысуға бюджеттен 13 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.
«Спорт мектептерінің басшылары 6 млн теңгеден астам бюджет қаражатын заңсыз жұмсаған. Бұл қаражаттар мектеп басшыларымен өз қажеттіліктеріне, соның ішінде букмекерлік кеңселердегі ставкаларға жұмсалған», - делінген прокуратура хабарламасында.
Сонымен қатар «Ақтөбе» футбол клубы командасының ұшуы бойынша әуе қызметтерін 165 млн теңгеден астам көтерілген бағамен бірнеше делдал арқылы сатып алу фактілері анықталды.
«Аталған барлық факт бойынша прокуратурамен ҚК-тің 189-бабының 4-бөлігімен (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) 3 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар тексеру нәтижелері Ақтөбе облысының Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында қаралып, жауапты мемлекеттік органдарға бұқаралық спортты қаржыландыру жағдайын түзету, бюджет қаражатын мақсатты және тиімді пайдалану тапсырылды.
Оқи отырыңыз: Әбиба Әбужақынова Абу-Дабидегі турнирдің алғашқы айналымында жеңіліп қалды