Азиада: шайбалы хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы алтын медаль алды

14.02.2025 13:56

Хоккейшілеріміз Жапониямен кездесіп, 5:0 есебімен сенімді түрде жеңіске жетті

Gerhard Crous / Unsplash

Қазақстандық хоккейшілер Харбинде (Қытай) өтіп жатқан 2025 жылғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Оlympic.kz-ке сілтеме жасап.   

Финалдық матчта біздің хоккейшілер Жапониямен кездесіп, 5:0 есебімен сенімді түрде жеңіске жетті. Үшінші орынды Оңтүстік Корея иеленді.

Айта кетейік, біздің команда бұл Азия ойындарына бесінші рет қатысып отыр.

Сонымен қатар Қазақстан құрамасы Харбинде төрт алтын медаль иеленді. Бұған дейін биатлоншы Владислав Киреев, шорт-тректен Қазақстан ерлер құрамасы, Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов (фристайл-акробатика) алтын медальдарға ие болған еді.

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті шайбалы хоккейден Қазақстан ерлер құрамасын Харбин-2025 қысқы Азия ойындарының алтын медалін жеңіп алуымен құттықтады.

"Хоккейден Қазақстан ерлер құрамасын және бүкіл бапкерлер штабын Азия ойындарының алтынымен құттықтаймын! Мен құрамамыздың барлық ойынын тамашалап, хоккейшілеріміздің мұз айдынында жанқиярлықпен өнер көрсетіп, ұйымшылдық танытқанын көрдім. Бүгін сіздер тағы да Азиядағы хоккейдің көшбасшысы екендеріңізді дәлелдедіңіздер. Бүкіл Қазақстан сіздерге жанкүйер болды, осы жеңіс қуанышын сыйлағандарыңыз үшін алғыс айтамын", – деп атап өтті Геннадий Головкин.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстан әйелдер құрамасы хоккейден Азия ойындарының күміс жүлдегері атанған еді. Олар ұпай саны бойынша Жапонияға жол берді.

Оқи отырыңыз: Михаил Шайдоров Азия ойындарында қола жүлдеге ие болды