Тұңғыш олимпиада чемпионы көзі тірі болғанда 45 жасқа келер еді
Бүгін - Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың туған күні. Көзі тірі болғанда спортшы 45 жасқа келер еді. Қазақ боксының тарихындағы тұңғыш олимпиада чемпионын еске алу мақсатында Түркістанда халықаралық турнир өтіп жатыр. Сондай-ақ Бекзат Саттарханов туралы жинақ жарық көрді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бекзат Саттарханов бар-жоғы 20 жасында олимпиада чемпионы болып, құйрықты жұлдыздай жарқ еткен еді. Бүгінде елдің әр өңірінде спортшыны еске алуға арналған іс-шаралар өтіп жатыр. Түркістандағы халықаралық деңгейде өтіп жатқан турнирге 300-ден астам боксшы жиналды. Ринг төрінде жұдырықты жігіттер 13 салмақта, қыздар 6 салмақ дәрежесінде шын мықтыны анықтап жатыр. IBA талаптарына сай жарыс жеңімпаздарына спорт шебері атағы беріледі.
«Бұл дәстүрлі, өте ауқымды түрде өтетін турнир. Жастар арасындағы №1 турнир деп айтуға толық негіз бар. Бірінші орынды жеңіп алған жігіттерге спорт шебері деген атақ беріледі. Бірақ меніңше, бұл турнирде жеңген боксшыларға халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын берсе де, артық болмас еді», - деді Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибрагимов.
Биылғы дүбірлі додаға әлемнің 10 елінен былғары қолғап шеберлері келген. Оған қоса, еліміздің әр аймағынан іріктелген боксшылар да бар. Солардың бірі – маңғыстаулық Ерқанат Жолдасбай.
«Алдыңғы жылы келдім, бірақ ол кезде ұтылып қалған едім. Биыл екінші жыл келіп отырмын. Жалпы, жеңіске жетемін деген ниет бар», - дейді спортшы Ерқанат Жолдасбай.
«Жарқ етіп сөнген 20 жас». Осындай атаумен даңқты боксшы туралы жинақ та жарық көрді. Кітапқа 2000 жылдан бастап бүгінге дейін Бекзат жайлы жазылған өлең мен әндер, күйлердің ноталары енген. Еңбекте қазақтың қайсар ұлының қысқа ғұмыры мен жарқын жеңістері баяндалған.
«Бекзат ағамыздың есімін түркі әлеміне дәріптеп, таныту үшін кітаптың түрікше нұсқасын дайындап жатырмыз. Оны Түркияның Анкара қаласындағы Еуразия Жазушылар одағының «BENGU» баспасынан шығаруды жоспарлап отырмыз. Жазға дейін екінші кітапты басып шығарамыз», - деді жинақты құрастырушы Ержан Арғынбаев.
Түркістан жері даңқты ұлын ешқашан естен шығармақ емес. Бүгінде қалада Бекзат Саттарханов атындағы ықшамаудан мен спорт кешені бар. Сондай-ақ боксшының атындағы облыстық олимпиада резерві жұмыс істеп тұр. Бекзаттың өкшесін басар жас түркістандық боксшылар осы орталықта жаттығып жүр.
Нұркен Әкімхан, Алмат Ілиясов, "Алматы" телеарнасы, Түркістан облысынан
Оқи отырыңыз: Алматы колледждерінің бірінде жарықтандыру жүйесі бойынша шеберлік сағаты өтті