Бразилиялық футболшы Кафу спортшылармен кездесті

03.04.2025 15:45

Екі дүркін әлем чемпионы «Қайрат» футбол академиясын аралап көрді

Әлем футболының аңызы, екі дүркін әлем чемпионы Кафу «Қайрат» футбол академиясында қонақта болды. Даңқты қорғаушы жас ойыншылармен кездесіп, олардың жаттығуын тамашалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кафу академияға келген сәтте-ақ жас футболшылар оны ерекше қошеметпен қарсы алды. Балалар аңыз ойыншыдан қолтаңба алып, естелік суретке түсті. Қалаған сұрақтарын еркін қойды. Әлем чемпионы олардың әрқайсысымен тілдесіп, жігер беруді ұмытқан жоқ.

 «Ең алдымен, шақырғандарыңызға үлкен рахмет. Бұл – тарихи сәт және оны ешқашан ұмытпайсыздар деп сенемін. Футболға мүмкіндік беріліп жатқанда, барынша тиімді пайдаланған жөн. Ойында ең маңызды екі нәрсе бар. Сыйластық және ойынға деген жауапкершілік. Ал ең бастысы – жаттығу, жаттығу және тағы да жаттығу», – деді екі дүркін әлем чемпионы Кафу.

Сондай-ақ әйгілі бразилиялық футболшы жас таланттармен бірге алаңға шығып, текболда өз шеберлігін көрсетті. Ол жастардың ойын техникасына назар аударып, кәсіби тұрғыда пайдалы кеңесін айтты. Аңыз спортшымен өткен бұл кездесу жастар үшін үлкен шабыт болғаны анық.

 «Қайрат» футбол клубына Кафу келгеніне қуаныштымын. Әлем чемпионы, Милан сапында ойнаған. Ол техникалық жағынан мықты, жақсы ойнайды. Кафу сияқты үлкен стадиондарда ойнағым келеді», – деді  «Қайрат» академиясының тәрбиеленушісі Арнұр Рамильұлы.

 «Бүгін алаңға Кафу келді. Өте жақсы ойыншы. Мен онымен ойнадым.Техникалық жағынан мықты, керемет қорғаушы», – деді «Қайрат» академиясының тәрбиеленушісі Аңсар Асан.

Кафу сондай-ақ «Қайрат» футбол академиясының базасында болды. Ол жаттығу залдары мен заманауи медициналық орталықты аралап шықты. Клуб басшылығы аңыз ойыншыға естелік ретінде арнайы дайындалған «Қайрат» жейдесін табыстады.

Айта кетейік, аталған академия 6-18 жас аралығындағы балаларды кәсіби футболға баулиды. Мұндағы жаттықтырушылар құрамын UEFA лицензиясына ие мамандар құрайды.

Мәди Мәлік. Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Бразилияның аңыз футболшысы Кафу Алматыға тәнті болды