Еліміздегі спорт саласында қандай өзгерістер болады

15.04.2025 21:55

Бұл туралы депутат өзінің Facebook-тағы парақшасында жазды

Unsplash (Victor Freitas)

Президент дене шынықтыру және спорт саласындағы жаңа заңға қол қойды. Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жаңа заң бойынша еліміздегі спорт саласында қандай өзгерістер болатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы депутат өзінің Facebook-тағы парақшасында жазды.

"Бұл тек кәсіби спортшыларға ғана емес, баласын спортқа беріп жүрген ата-аналарға, салауатты өмір салтын ұстанатын барша азаматтарға қатысты маңызды құжат. Біздің Комитет депутаттары осы заң жобасымен ұзақ әрі мұқият жұмыс істеді", - деп жазды Аймағамбетов.

Қандай өзгерістер бар?

  • Легионерлерді қаржыландыруға бюджеттен де, квазимемлекеттік сектордан да (мысалы, «Самұрық-Қазына») тыйым салынады. Қаражат өз спортшыларымызды қолдауға жұмсалады.
  • Ұлттық спорт түрлері (қазақша күрес, асық ату, көкпар және т.б.) басым бағыттар тізіміне ресми түрде енді.
  • Бұқаралық спорт — негізгі басымдық болады. 
  • Спорт саласында тік басқару жүйесі енгізіледі — министрліктен акиматқа дейін бәрі бір жүйемен жұмыс істеуі керек.
  • Спорт федерациялары республикалық құрылыммен байланысты болуы тиіс — бұл тәртіп пен тиімділік үшін қажет.
  • Спорт мекемелерінің басшылары енді ротация арқылы тағайындалады — «мәңгілік» бастықтар болмайды. (Мұндай жүйе мектеп директорларына қатысты да енгізілген.)
  • Мүгедектігі бар спортшыға еріп жүретін адамның шығыны мемлекет есебінен өтеледі. Бұл да біздің депутаттардың бастамасы.
  • Әр спорт түрі бойынша жас шектеулері нақты белгіленді — бұл балалардың қауіпсіздігі үшін маңызды.
  • Ұлттық спорттық дайындық стандарттары енгізіледі.
  • Антидопинг ережелерін бұзғандарға қатысты жауапкершілік күшейтіледі.
  • Бюджет енді нақты басым спорт түрлеріне бағытталады — қаражат әр тарапқа шашылмайды.
  • Спорт ұйымдарына ақылы қызмет көрсетіп, табыс табуға мүмкіндік беріледі — бұл қаражат сол ұйымның есебіне түседі.
  • Спорттық медицинаның жұмысы нақты заңмен реттелді.

Оқи отырыңыз: Қазақстан әйелдер құрамасы бокстан Бакудегі турнирде тоғыз медаль жеңіп алды