Еліміздің 8 қаласында футбол стадиондары салынады

31.01.2025 14:15

Қазір 28 негізгі стадион жұмыс істеп тұр

Mick Haupt/unsplash.com/

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елде футбол инфрақұрылымы қалай жаңғыртылатынын мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

 Оның сөзінше, қазіргі уақытта 8 стадионның құрылысына байланысты жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде Қызылорда қаласында трибуналары бар жаңа стадион салынып жатыр.

"Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында П. Атоян атындағы стадионның жобалық-сметалық құжаттамасы жеке инвестициялар есебінен әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілген. Астанада Қ. Мұнайтпасов атындағы стадионның жобасы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Шымкентте, Семейде және Ақтауда жаңа стадиондар салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сонымен қатар, Өскемен қаласында 5 мың орындық жабық стадион салу үшін жер учаскесі белгіленген. Бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, Ақтөбе қаласында 30 мың орындық стадион салу жоспарланған", — деді министр.

Қазір елімізде 28 негізгі стадион жұмыс істеп тұр. Министр атап өткендей, оның инфрақұрылымын дамыту үшін тағы қосымша тағы 5 жаңа стадион салу керек.

Оқи отырыңыз: Әли Әлиев Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы болды