Қозғалтқышы істен шыққан: Ақтаудан ұшып шыққан ұшақ әуежайға оралды

09.03.2025 18:01

Жолаушылар әуе компаниялар тобының резервтік ұшағымен жеткізілді

Photo by willy wo on Unsplash

Air Astana әуе компаниясының Ақтау – Алматы бағыты бойынша орындаған рейсі қозғалтқыштағы ақауға байланысты ұшып шыққан әуежайына қайта оралды. Бұл ақпаратты компаниясының баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасап.

«Салонда жарық сөніп, қорқынышты гуіл естілді, күйік иісі сезілді. Стюардессалар айтарлықтай қобалжып, ары-бері жүгіріп жүрді, бірақ жолаушылар үнсіз отырды, бір-біріне қарап, не болып жатқанын түсінбей жатты», – деп жазды жолаушылардың бірі әлеуметтік желіде.

Оның айтуынша, экипаж командирі қозғалтқыштың істен шыққанын хабарлап, ұшақтың Ақтауға қайта оралатынын айтқан.

Air Astana баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылғы 8 наурызда Ақтау – Алматы бағытындағы KC 868 рейсі ұшып шыққан әуежайына қайтып оралған.

«Экипаж №1 қозғалтқыштағы май деңгейінің төмендігі туралы техникалық ескертуге байланысты оны өшіріп, талапқа сәйкес әрекет етті. Ұшақ Ақтауға сәтті қонды. Жолаушылар әуе компаниялар тобының резервтік ұшағымен жеткізілді», – деп хабарлады әуе компаниясы.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда үш күнде қару жасырылған 30-дан астам орын анықталды