Әлем чемпионаты: Назым Қызайбай Сербияда өтетін жаһандық додада бақ сынамақ

Алматы қаласынан аттанатын 4 боксшы дайындықты Мәскеу қаласында өткізбек

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының әйелдер құрамасы Әлем чемпионатына қызу дайындалып жатыр. Наурызда Сербияда өтетін жаһандық додада Назым Қызайбай мен Алуа Балқыбекова да бақ сынамақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әлем чемпионатына жолдама алған әйелдер құрама тобы Алматыдағы мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінде жаттығып жүр. Салмақ қуып, белгілі бір дәрежеде бақ сынайтын олар дүниежүзілік додаға барынша бабын келтіріп аттанбақ.

"Соңғы олимпиадада 50 кг салмақта бокстастым. Қаншама жыл олимпиадаға дайындалып салмақ қостым. Енді бұрынғы салмағыма бейімделіп, оңай болады деп ойлаймын. Әлем чемпионатына барып, жақсы өнер көрсету – мақсат!"– деді бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы Назым Қызайбай.

Үміт үкілеген әр қыздың көкейінде "Әлем чемпионы болсам" деген бір мақсат бар. Ал олардың бұл жолда тер төгіп, діттеген дәрежеге жетулеріне республиканың еңбек сіңірген жаттықтырушысы атсалысқан.

"Әйелдер құрама командасы жақында оқу жаттығудан келдік. Қазір 3 қызымыз дайындалып жатыр. Ал 4 қыз Сербияда 6 наурызда өтетін әлем чемпионатына дайындауда. Назым Қызайбай, Алуа Балқыбекова, Елдана Талипова, Графеева Виктория – бірінші орын алған қыздар", – деді Мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінің бас бапкері Долкунжан Камеков.

Бұл спорт мектебінің бүгінге дейін жеткен толағай табысы көп. Олимпиада, Азия мен Әлем чемпионаттарының талай дүлдүлін дүбірге қосқан мекеме үшін өткен жыл да жеңіске толы болған.

"2023 жылы Азия чемпионатынан 32 медаль, 2024 жылы 46 медаль ұтып алдық. Әлем чемпионатына бұйыртса 5 медаль ұтып аламыз, Азия чемпионатынан енді 50-ге жуық медаль аламыз деген жоспар бар", – деді Мамандандырылған жоғары спорт мектебінің директоры Еркін Қазыбаев   

Айта кетейік, Алматы қаласынан аттанатын 4 боксшы дайындықты Мәскеу қаласында өткізбек. Олар Ресей астанасында өзге елдердің құрама командаларымен бірге 15 күн жаттығады.

Бейбарыс Аңсаған, Медет Саматұлы

Оқи отырыңыз: Жаңа маусым: Қазақстан құрамасының стенд атудан оқу-жаттығу жиыны басталды

Новости партнеров