Әлем чемпионы атанған спортшыға бір үйір жылқы сыйға берілді

29.11.2024 16:58

Бұл туралы балуан әлеуметтік желіде жазба жариялады

Іnstagram.com/nurkozha0074

Бір ай бұрын Тиранада өткен әлем чемпионатында топ жарған Нұрқожа Қайпановқа Ақтөбе облысының кәсіпкерлері ерекше сыйлық жасады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

Олимпиадалық емес салмақ дәрежесінде сынға түсіп, еркін күрестен ел тарихындағы екінші әлем чемпионы атанған спортшыға «Қазағымның жылқысы» тобы мен Ақтөбе фермерлік орталығы азаматтарының атынан бір үйір жылқы берілді.

Бұл туралы Қайпанов әлеуметтік желіде жазба жариялады.

"Еңбегімді бағалаған ағаларға мың алғыс", - деп жазды балуан.

Естеріңізде болса, Қайпанов Албания астанасындағы додада үздік атанған еді. Ол 70 келіде белдесіп, 5 қарсыласының 4-ін уақытынан бұрын ұтты. Ал финалда Жапония балуанынан 5:3 есебімен басым түсті.

Бұған дейін балуанға «Сәду Арена» еркін күрес академиясының негізін қалаушы Ерлан Қожасбай құны 50 мың АҚШ доллары тұратын қымбат көлік сыйлаған еді. Сондай-ақ спортшыға бірқатар демеушілер есебінен марапат табысталды.

Оқи отырыңыз: Головкин Қазақстан спортын дамытудағы жаңа мүмкіндіктерді атады