Биыл мамырда алғашқы марафон Бакуде өтеді
Алматы төрінде «TAN» қауымдастығы құрылып, тарихи құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Turkic Alliance of Longs Runs деп аталатын жаңа ұйым енді 4 елде ұзақ қашықтыққа жүгіруден жарыстар ұйымдастырып, халықаралық деңгейде спорттық туризмнің дамуына атсалыспақ. Қауымдастыққа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Әзірбайжан мүше. Ал TAN ұйымдастыратын алғашқы марафон биыл мамырда Бакуде өтеді.
"Ерекшеліктері 5 жарысты жүгіріп өткен қатысушыларға «біріңғай мәреші» медалі табысталады. Ұлттық деңгейдегі жүгіруші марафоншы статусы беріледі. Жыл біткенде соңғы стартқа қатысқан адам «дүниежүзілік қатысушы» деген төлқұжат алады", – деді «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының волонтерлармен іс жөніндегі маманы Қымбат Нұрдәулет.
Көп оқылған: Картада жоқ мекен: Қарасай ауданының тұрғындары еш жерде есепке алынбаған
"Биыл марафонға қатысып жүргеніме 8 жыл толады. Жыл сайын жарыста 42 шақырымды еңсеруге тырысатынмын. TAN жаңа мүмкіндіктерге ие болуға, жаңа белестерді бағындыруға, спортты қолдауға көмек береді деп ойлаймын", – деді марафоншы Мәди Айтиев.
Қызығы сол, TAN спортты насихаттап қана қоймай, түркілердің тарихи мұрасын көпшілікке паш етуді мақсат тұтқан. Ал марафонға қатысушылардың санына шектеу қойылмайды. Жасы жеткен кез келген спортшы жарысқа бара алады. Атап өтер жайт, қауымдастыққа алдағы уақытта Түркия мен Мажарстан мемлекеттері де қосылуы мүмкін. Қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр.
"Қауымдастықтың бізге берері мол. Әр ел спорттық туризмді дамытуға мүмкіндік алады. Ал бүгін жиында туындауы мүмкін мәселелердің барлығын талдап шықтық. Бірлігіміз арта түседі деп сенемін", – деді Қырғызстанның өкілі Арслан Малдыбаев.
Оқи отырыңыз: Әли Әлиев Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы болды