Түркістанда республикалық құсбегілер сайысы өтті

Сайысқа 70-ке жуық саятшы қатысқан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістанда республикалық құсбегілер сайысы өтті. Оған көк тағысын қолға үйреткен 70-ке жуық саятшы қатысқан, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олар – өз өңірінде үздік атанған жеңімпаздар. Сайысқа қатысушылар 3 күн бойы құстардың бабы мен бағын сынады.

Аспан еркесін қолға үйретіп, ырыққа көндіру оңай шаруа емес. Түз тағысының тілін тауып, тұғырға қондырғандардың бірі – Серікбек Күнтуған. Оның құсбегілікпен айналысып келе жатқанына 20 жылдан асқан. Оның айтуынша, өнер қанға сіңген қасиет болғанымен, барынша абай болған жөн.

"Тамақ берген кезде мінез көрсетуі мүмкін. Сақ болу керек. Үйде тамағын тауып беру қиын. Бұрын пойызбен келуші едік, қазір отырғызбайды. Амал жоқ, таксимен келеміз", – деді құсбегі Серікбек Күнтуған.

Ал Алматылық Төлеген Сәдуақас бәсекеге 10 жастағы қыранын ала келген. Оның бүркіті күніне жарты келіге жуық ет жейді. Жеткен жетістігі де жоқ емес.

"Бір күнде 1-2 уыс ет жейді. Қойдың сиырдың етін жей береді. Көп жарыстарға қатысқан. Көшпенділер ойындарына да  үшінші орын иегері атанған", – деді құсбегі Төлеген Сәдуақас.

Сайыстың негізгі бөлігінде құсбегілер арнайы белгіленген орындарға жайғасып, қырандардың аң алу машығын тексерді. Бүркітті ұшырып, қайта қолға қондыру әдісі де назардан тыс қалмады.

"Құсбегілердің ең кіші жасы 60-та, үлкені 90-да еді. Республика бойынша 20-ға жетпейтін құсбегі болатын. Қазір жастардың 80-90 пайызы оның ішінде ителгі, қаршыға, сұңқар тектес құстарды қолға ұстап жүр", – деді  "Құсбегі" федерациясы қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы.

Әділ-қазылар алқасы құстың бабына ғана емес, саятшының киім үлгісі мен құрал-сайманына да баға берді. Жарыс қорытындысына сай, жеңімпаздар қаржылай жүлдемен марапатталды.

Нұркен Әкімхан, Түркістан облысынан

Оқи отырыңыз: Пойыз қозғалысының онлайн тақтасы: елімізде цифрлық сервис қолданысқа енгізілді

Новости партнеров