Жүктілігінің үшінші айында күрескен: Париж олимпиадасына қатысқан дзюдошы босанды

05.02.2025 21:08

25 жастағы спортшы қызы былтыр 96 күннің ішінде үлкен жетістіктерге жетті

olympics.com

Дзюдодан 48 келіде Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2024 жылғы әлем чемпионы, моңғолиялық Бавуудорж Баасанхүү ана атанды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі 1bol.kz-ке сілтеме жасап.

Спортшы Олимпиадада жүктіліктің үшінші айында күрескен. Барлығы бес белдесу өткізіп, төртеуінде жеңіске жеткен. Финалда жапондық Нацуми Цунодадан ғана жеңілген болатын.

Баасанхүү – Қазақстанның үздік дзюдошы қызы Абиба Әбужақынованың басты қарсыластарының бірі. Абиба екеуі үш рет белдесіп, екеуінде Баасанхүү басым түссе, бір рет Абиба айласын асырған. Абиба 2024 жылы Азия және әлем чемпионатының жартылай финалында осы Баасанхүүден өте алмаған.

25 жастағы моңғол қызы 2024 жылы 96 күннің ішінде үлкен жетістіктерге жетті. Олимпиаданың күміс медалінен бөлек Азия, әлем чемпионатында және Душанбе Гран Слэм турнирінде топ жарған. 

96 күнде мұндай жетістікке ешкім жетпеген.

Айта кету керек, Баасанхүүдің күйеуі – Гэрэлтуяа Болор-очир есімді дзюдошы. Болор-очир 81 келіде Моңғолияның бірінші нөмерлі балуаны.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда сотты болған "жұлдыздар" тізімінде кімдер бар