Сағыз стансасына жеткен соң жаңа туған нәресте мен анасы жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырылды
Алматы-Атырау бағытындағы №29/30 жолаушылар пойызының бригада мүшелері жолаушыны босандырып алуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 19 маусымда болған. Алматы-Атырау бағытындағы №29/30 жолаушылар пойызының бригада мүшелері Ноғайлы стансасына жетпей шұғыл түрде жолаушыны босандырып алуға мәжбүр болды.
Жолсеріктер толғағы келген әйелге көмектесу үшін барлық қажетті шараны қолданды, ол жайлы пойыз машинисіне хабарланып, жақын маңдағы станцияға жедел жәрдем шақырылды. Ұл баланың өмірге келуіне жолаушылар да көмектескен.
«Біз Карина Балғаным мен Ақмамық Бекенова есімді жолаушыларға алғыс айтамыз. Пойыз бригадасы мен жолаушылардың үйлесімді жұмысының арқасында бала аман-есен дүниеге келді», - дейді вагонның жолсерігі Марал Әділбекова.
Сағыз стансасына жеткен соң жаңа туған нәресте мен анасы жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырылды.