Қазақстанда утиль алымының көлемі 50 пайызға дейін азайды

23.02.2022 19:11

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары утильмалымға қатысты теңгерімді шешім қабылданғанын айтты

inbusiness.kz

Үкімет утилизациялық алым көлемін 50 пайызға азайтты. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Енді елімізде бұл мөлшерлеме автокөліктің барлық түріне, яғни жеңіл көліктер мен ауыл шаруашылығы техникалары үшін де қолданылады. Сондай-ақ Роман Скляр автосалондардағы көлік тапшылығына әлемдегі микросхема себеп екенін алға тартты.

Еске сала кетсек, 19 қаңтарда «Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінің операторына» қатысты қаулы қабылданған еді. Онда кәдеге жарату төлемі есебінен құрылған активтерді мемлекет меншігіне алу туралы шешім шыққан болатын.  

«Шешім қабылданды. Автоөнеркәсіпті ынталандыру деңгейі бізге автокөліктің барлық түрлері мен өндірілетін ауылшаруашылық техникаларына салынатын утилизациялық алым мөлшерлемесін 50 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Ал «Жасыл Даму» шотындағы 200 миллиард теңгеден астам қаржы халық игілігіне жаратылуы қажет», - деді ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.