Жыр болған Атырау – Астрахань магистралды тасжолын жасауға 70 миллиард теңге қаржы бөлінген. Жол жоспарға сәйкес, 2023 жылы халық игілігіне толыққанды тапсырылуы керек. Алайда әртүрлі мердігер компаниялар жұмысынан қателіктер табылып, қайта қарауға тура келіп тұр. Көк шаңнан көз ашпаған айналма жолда жүретін аудан тұрғындарының елдегі аяқсыз қалған жобалар қатарын толықтырмаса екен деген тілегі бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Атырау – Астрахань тасжолының құрылысы 40 жылдан бері жөндеу көрмеген. Жасалуы керек 277 шақырымның тек 20 шақырымы ғана аяқталған. «Нұрлы жол» бағдарламасына енгізілген жол құрылысы басталғалы 2 аудан тұрғындарының қуанышында шек болмаған. Алайда, құрылысы баяу жолды көрген қатынаушылардың қуанышы су сепкендей басылған.
«Жол әлі жасалып жатқан жоқ, енді 2-3 жылға дейін бітпейтін сияқты», «Шамалы аумақ қана жасалды, арғы жағы қалай бұзылды, солай тұр. Жасалып жатқан жоқ» дей тұрғындар.
Атырау – Астрахан тасжолының салынуына салғырт қарағаны үшін 3 мердігер компания тендерден шеттетілуі мүмкін дейді «ҚазАвтоЖол» өкілдері. Жоспарға сәйкес 2023 жылы бітуі керек магистралды тасжолға 70 миллиард теңге бөлінген. Алайда топырақ құрамынан тұз бен сульфат құрамының табылуына байланысты тағы бір қабат қосылуы керек деп, жоба қайта қаралып жатыр.
«Жолдың 3 өабаты да толықтай асфальтты бетон болады. Астыңғы екі қабатына қиыршық тас төселеді, 3-ші қабаты асфальтты бетон болады, сондықтан астыңғы қабаттары да ауысып жатыр. Жаңадан салынатын 17 шақырым бар. Ол жерге коммуникациялар шығып жатыр. Коммуникацияның ақшасы сметада берілген ақшаға жетпейді. Проблема көп. Кейбір мекемелермен келісімшарт үзілуі мүмкін», – деді «ҚазАвтоЖол» АҚ Атырау филиалының директоры Қайырболат Ізбасов.
Ой-шұқырдан тұратын жол енді көз ілеспес көк шаңға толды дейді қатынаушылар. «ҚазАвтоЖол» өкілдері жұмыстың баяулығын мердігер компаниялардың жауапсыздығынан көріп отыр. Енді іс қайта қаралып, тағы бір қабат қосылғанша құрылыстың уақыты да ұзаруы да әбден мүмкін.
Райымбек Сафиолла, Айбек Байзақ, «Алматы» телеарнасы, Атыраудан