Ескі автобустар салдарынан елімізде жылына 500 жол көлік апаты орын алып, 700-ге жуық жолаушы жарақат алса, 50 шақтысы көз жұмады екен
Қазақстанда ескі автобустарды пайдалануға шектеу қойылмақ. Бұл ретте жолаушыларды автобуспен тасымалдау қауіпсіздігін арттыру үшін жол картасы әзірленіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жалпы, еліміздегі 90 мыңнан астам автобустың тең жартысы ескірсе керек.
«Қазақстанда 90 мыңнан астам автобус тіркелген. Оның жартысынан көбінің пайдалану мерзімі 15 жылдан асып кеткен. Енді автобус паркі жаңарады деп үміттенеміз. Тасымалдаушы автобус жүргізушілеріне қойылатын біліктілік талаптары күшейеді», – дейді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басшысы Мақсат БАЙБОЛОВ.
Комитет басшысы бұдан бөлек, автобусты қайта жабдықтауға тыйым салынатынын жеткізді. Өзге көліктермен салыстырғанда, бұл қауіпті көлік саналады. Оған көбірек жолаушы сыятындықтан, апат құрбандарының да көп болуы ықтимал. Мәселен, қоғамдық көліктің бұл түрін тізгіндегендердің қателігінен жыл сайын 500 жол көлік апаты орын алып, соның салдарынан 700-ге жуық жолаушы жарақат алса, 50 шақтысы көз жұмады екен.
«Елдімекендерде автобус жылдамдығын 50 км/сағатқа дейін, қала сыртындағы жолда - 80 км-сағатқа дейін төмендету қарастырылуда. Қазіргі жол қозғалысы ережелерінде елдімекендердегі автобус жылдамдығы 60 км/сағат, қала сыртында - 90 км/сағат болып бекітілген. Ереженің бұзылуын автоматты тіркеу жүйесін кеңейтуді де ұсынамыз», – дейді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басшысы Мақсат БАЙБОЛОВ.