Тілендиев көшесі мен Рысқұлов даңғылындағы жол қозғалысына өзгерістер енгізіледі

24.12.2021 20:39

Бұл шаралар Рысқұлов даңғылының өткізу қабілетін арттыруға бағытталған

Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысындағы жол айрығы бойымен көлік қозғалысы ашылғаннан кейін қосалқы көшелер мен қиылыстардағы жол қозғалысына тестілік режимде өзгерістер енгізілген болатын, деп хабарлайды Almaty.tv.

Аталған жұмыстар аясында Тілендиев көшесі қиылысындағы бағдаршам нысаны сөндірілді. Бұл шаралар Рысқұлов даңғылының өткізу қабілетін арттыруға бағытталған. 

Көрсетілген аумақта стандарттарға сәйкес қиылыстан шығысқа қарай 250 м, батысқа қарай 150 м қашықтықта жолүсті және жоласты жолаушылар өткелі орналасқан. 

Қалыптасқан көлік жағдайы мен жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша аталған қиылыстағы көлік қозғалысына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданды. Рысқұлов даңғылын кесіп өту үшін Немирович-Данченко көшесі шығысқа қарай бағдаршам іске қосылады. Немирович-Данченко  көшесі бойымен көлік қозғалысы кезінде солтүстік бағытта тіке, солға және оңға жүруге мүмкіндік жасалады,  Оңтүстік бағытта Жаңаарқа көшесімен қозғалыс кезінде тек оңға бұрылуға болады.


«Эксперименталды түрде қазір өзгертулер енгізіліп, бағдаршам қайтадан іске қосылады. Шығыс жағынан жаяу жүргіншілердің өтуіне, көлік ағымын солтүстік бағытта, оңға, тік бағытта және солға бұрылуға рұқсат беріп, астыңғы солтүстік жағынан көтерілген көлікке тек қана оңға деген нұсқама беріледі», – деді ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Болатбек Баятанов.


Бағдаршам осы режимде 2022 жылғы қаңтардың аяғына дейін жұмыс істейді.  Осы аралықтағы көлік қозғалысы жағдайы туралы есеп алынғаннан кейін аталған аумақ үшін оңтайлы көлік қозғалысы режимі бекітілетін болады. 


«Бұл шешім тұрғындардың өтініші негізінде қабылданып отыр. Эксперименталды уақыт өткеннен кейін жағдай жіті талданады. Нәтижесінде көлік тізгіндеушілер үшін де, жаяу жүргіншілер үшін де ең оңтайлы шешім қабылданады. Ал қаңтар айының соңына дейін пилоттық жобаны бақылаймыз», – деді Мобилділік басқармасы жол қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Алмас Бимендин.


Аталған шаралардың негізгі мақсаты – жол қозғалысы қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол желісінің өткізу қабілетін арттыру.