Алматыдағы көліктердің 20 пайызы экологиялық талапқа сай емес – экологтар дабыл қақты

23.08.2022 21:57

Қалаға күніне 230 мыңға жуық көлік кіреді

Almaty.tv

Алматыдағы көліктердің 60 пайызы экологиялық талапқа сай болмай тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.


Алматыға күніне 230 мыңға жуық көлік кіреді. Бұл ретте олардың экологиялық ахуалға әсер ететінін ескерген жөн. Ал автотранспорттардан шығатын зиянды заттарды өлшеу үшін қалада экологиялық бекеттер жұмыс істеп тұр.

Бүгінгі таңда Алматы аумағында 19 экобекет бар. Көпкомпонентті газанализаторлары арқылы көмірсутек, көміртек тотығы мен азот оксидтерінің және көмірқышқыл газының бөлінуін тексеретін мамандар күніне орта есеппен 500-ге тарта көлікті тоқтатады екен. Ауа сапасын бақылау үшін мұндай 19 нысаннан бөлек, 3 жылжымалы экологиялық бекет те жұмыс істейді.  

Мұндай жылжымалы экобекеттер былтыр іске қосылған еді. Мұнда газ талдағыш пен түтін өлшейтін арнайы құралдар бар. Яғни, мамандар қалаға кірген көліктерді осы құрылғымен әрі арнайы тапсырма бойынша ғана тексере алады.

Экобекеттерде көліктерден шығатын зиянды затты өлшеу үшін арнайы оқытылған 60-тан аса маман жұмыс істейді. Ал сол алпыстың ішінде бір ғана әйел адам бар.

«24 сағаттық жұмысым өзіме ұнайды», – деген Руфа Айтбаева түрлі оқыс оқиғаның болатынын да жоққа шығармайды.

«Әйел адам болған соң, таңғалатындар бар. Үйреніп қалдық. Жүргізушілер ер адам болғандықтан артық әңгіме, айқай көп болмайды», – деді эколог – оператор Руфа Айтбаева.

Экологиялық талапқа сай келмейтіндердің көбі ескі, катализаторы жоқ немесе техникалық ақауы бар коммуналдық көліктер. Дегенмен, назарға ілігетіндердің нақты бір критерийі жоқ дейді мамандар. Яғни, жылы жаңа болса да, нормасы қалыптан шыққан автомобильдер де аз емес екен.

«Жыл басынан бүгінге дейін 136 мың автокөлік тексерілген. Соның ішінде 26 мың көлік шамадан тыс нормадан көрсеткіш көрсеткен», – деді экологиялық бекеттердің басшысы Қанат Сағынғалиев.

Экологтардың айтуынша, жалпы Алматыдағы көліктердің  20 пайызы экологиялық талапқа сай болмай тұр. Сондықтан арнайы тоқтатпай-ақ, әр жүргізуші тексерістен өткені абзал.

Мадина Оқас, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы