Нұр-Сұлтанда оқушылардың қоғамдық көлікпен жүруі ақылы бола ма

28.03.2022 22:46

Балалар қоғамдық көлікпен екі жылдан бері тегін жүріп келеді

Фото: altay_kulginov_official

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында мектеп оқушыларына арналған тегін жол жүру шарасы туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Осыдан екі жыл бұрын қоғамдық көлікте балаларымыздың тегін жүруін қамтамасыз еттік. Содан бері елордада, қала маңында тұратын кәмелетке толмаған балалар үшін автобус тегін. Оқушылар мектепке барып-қайтудан бөлек түрлі үйірмелерге қатысатынын, сол сияқты достарымен кездесіп, көңіл көтеретінін ескерсек, бұл бастама айтарлықтай қолдау болып саналады. Әсіресе, бірнеше баласы бар отбасыларға үлкен көмек.

Мәселен, қазіргі оқу жылы басталған 2021 жылдың қыркүйегінен 2022 жылдың наурызына дейін мектеп оқушылары қоғамдық көлікті 14 млн-нан аса қолданған. Ал тегін жол жүру тәртібі енгізілгелі 30 млн-ға жуықтады. Карантиндік шектеулер алынғанын ескерсек бұл цифрлар ары қарай да көбейе бермек», - деп жазды Алтай Көлгінов.

Қала әкімі тегін жол жүрудің тұрақты шара екенін айтты.

«Айта кетейін, мектеп оқушылары автобусқа кірген бойда көлік картасы арқылы валидация жасауы керек. Бұл бізге жолаушылар ағынын, сол сияқты қажетті маршруттар санын білуге және сұранысы көп бағыттарды анықтап, қосымша автобус шығаруға мүмкіндік береді.

Кәмелетке толмағандарға арналған тегін жол жүру уақытша емес, тұрақты шара. Сол сияқты тегін жол жүрумен жеңілдікті санаттағы азаматтар, оның ішінде зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар және т.б. қамтылған», - дейді А. Көлгінов.