Сағатына 60 шақырым жылдамдықпен рұқсат беретін жазбалар 80-ге ауыстырылды
Алматыда Әл-Фараби даңғылы, Шығыс айналма жолында түнгі сағат 00-ден бастап жаңа жылдамдық тәртібі іске қосылады. Қалалық полиция департаменті дайындық жұмыстарын аяқтаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Техникалық жағын реттеу ісін кешке бітірмек. Жол белгілерін ауыстыру бүгін таңертең басталған еді. Мұнда сағатына 60 шақырым жылдамдықпен рұқсат беретін жазбалар 80-ге ауыстырылды.
Жол қызметкелері жаңа жылдамдық белгілерін ауыстыруды таңмен таласа бастап кеткен. Бұл жұмысқа екі бригада жұмылдырылған. Білек сыбанып іске кіріскен жұмысшылар сағатына 80 шақырым рұқсат ететін белгіні орнатуды бүгін толығымен аяқтаймыз дейді. Одан бөлек, жол бойындағы сызықтар жұма күні сызылып қойған.
Әлібек Алтынбеков Шығыс айналма жолымен жиі жүреді. Жолда жүру жылдамдығының өзгеретіне дән риза. Себебі бұрын діттеген жеріме ұзақ жететінмін дейді ол. Енді бұрынғыдай көп уақыт жоғалтпаймын деп отыр.
«Міне Әл-Фараби даңғылымен келе жатырмын. Сағатына 60 шақырым жылдамдықпен. Жол ашық. 80 шақырымға ауыстырса дұрыс болады деп ойлаймын. 60 шақырым кезінде жолға уақыт көп жоғалтатынмын. 80-ге ауыстырса діттеген жеріме тез жетемін», – дейді Әлібек АЛТЫНБЕКОВ.
Енді түнгі сағат 12-ден бастап Әл-Фараби даңғылы мен Шығыс айналма жолында көлік жүргізушілері сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Бұл туралы қалалық полиция департаменті ресми түрде хабарлады. Қазір дайындық жұмыстары аяқталған. Техникалық жағын реттеуді кешке бітірмек.
«Көлік саласының сарапшылары да 80 шақырым жылдамдықты қалпына келтіру шешімін құптаған. Сөздерінше, сағатына 60 шақырым жылдамдық енгізгенде мысалға келтірілген сандарды қарап, айтарлықтай өзгеріс таппаған», – дейді Алматы қаласы Полиция Департаменті ӘПБ басшысы Жандос МҰРАТАЛИЕВ.
«Алматы секілді ірі мегаполистерде айналма жолдардың болуы заңдылық және бұл көшелерде көлік жылдамдығы сағатына 80 шақырымнан төмен болмауы тиіс. Транзиттік магистраль кез келген мегаполиске керек дүние. Онсыз транспорттық инфрақұрылымды жақсарту мүмкін емес. Сондықтан сағатына 80 шақырым жылдамдықты қайтарғаны өте дұрыс шешім», – деді Тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы Эдуард ЭДОКОВ.
Естеріңізге сала кетсек, Әл-Фараби даңғылы мен Шығыс айналма жолындағы сағатына 60 шақырым жылдамдық өзгерісі осы жылы қаңтар айында енгізілген еді. Ал, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бірнеше күн бұрын сағатына 80 шақырым жылдамдықты қайтаруға шешім шығарған. Себебі, шаһар басшысының әлеуметтік желідегі парақшаларына көлік жүргізушілерін өтініштер өте көп түскен.
Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы