Департамент мамандары облыс тұрғындарына қолайсыз ауа райында алыс сапарға шықпауға кеңес берді
Шығыс Қазақстан облысындағы «Өскемен-Риддер» тасжолында қыс соңына дейін көлік қозғалысы шектеледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірдегі тасжолдардың бірінде көлік қозғалысы шектеледі.
«24 қарашадан бастап күн сайын сағат 21.00 мен 06.00 аралығында «Өскемен - Риддер» тасжолының 94-ден 104 шақырымға дейінгі учаскесінде тіркемесі және жартылай тіркемесі бар көліктердің қозғалысына тыйым салынады. Шектеу қыс мезгілінің соңына дейін сақталады», - делінген ақпаратта.
Осы ретте департамент мамандары облыс тұрғындарына қолайсыз ауа райында алыс сапарға шықпауға, жолдардың жай-күйін «Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы тексеріп отыруға кеңес берді.