Қоғамдық көліктегі жолақыны арттыру бұған дейін көптің талқысына ұсынылған
Алматыда қоғамдық көлікте жүру құны қайта қаралады. Жаңа бекітілетін тариф аталған саладағы олқылықтарды орнымен шешудің алғышарты болмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мегаполисте соңғы 11 жылда жанармай құны үш есеге өскен. Салыстырмалы түрде, қала бойынша жүретін қоғамдық көліктің бағасын алсақ болады. Мәселен, бір автобус 2012 жылы 10 млн теңге тұрса, қазір бұл көрсеткіш 60 млнға жеткен. Ал арадағы оншақты жылда жол ақы ақталмапты.
– 2012 жылы соңғы рет жолақы өзгерген. Одан бері жанармай, газ бағасы 3 еседен аса қымбаттады. Қажетті құрал-саймандар 5 есеге дейін қымбаттап кетті. Жүргізушілер жалақысы да өсті. Бағаның қымбаттауынан индексикация қажет болып тұр, – деді Қазақстан автокөлікшілер одағының бас директоры Сәбит Аманбаев.
Автопарк басшыларының айтуынша, компанияның күнделікті табысы жанармай шығынын да өтемейді. Яғни, жол ақысын төлеуден түсетін табыс кәсіпорындардың қаржылық жағдайын тұрақты етуге сеп болмақ. Әрі мұндай өзгеріс есебінен автобустардың жағдайын ретке келтіруге де мүмкіндік туып отыр.
Қолма-қол төлем жасайтындар үшін бұған дейін жол ақы 150 теңге болатын. Енді бұл баға 200 теңге болып өзгереді. Ал "Оңай" картасы бар жолаушылар бұған дейін 80 теңге төлесе, енді 100 теңгені есептеп береді. Бұл тұста айта кету керек, өзгеріс бар болғаны "Оңай" картасы барлар үшін 20 теңге ғана болып отыр. Ал зейнеткерлер мен мектеп оқушылары үшін 10 теңге қосылады.
Өзгерістің ел қалтасына түсірер салмағын бағамдау мақсатымен өзге қалалардағы бағаны салыстырып көрсек. Елдегі жолақының орта құны – 90 теңге. Мәселен, Астанада арнайы картамен төлем жасау осы шамада болса, қолма-қол ақы 180 теңгеге жетеді. Қостанайда бұл көрсеткіш 100 бен 170 теңге. Орташа бағадан Шығыс Қазақстан да қалыс қалмайды. Мұндағы жол жүру құны – картамен 90, қолма-қол есепте 130 теңгенің шамасында. Ақтөбе мен Жамбыл облыстарында да жағдай осыған ұқсас.
БЛИЦ:
– 20 теңге меніңше, ондай үлкен рөл ойнамайды. 80 теңге болғанына 7 жылдай болып қалды, ақша құнсыз.
– Жанар-жағармай қымбаттады. Жүргізушілердің де жалақысы бар. Бәрі бір-біріне байланысты.
– Егер ол транспорттың жақсы жүруіне, іші таза, сапалы болуына әсер ететін болса, қарсы емеспін.
Қоғамдық көліктегі жолақыны арттыру бұған дейін көптің талқысына ұсынылған. «Егер, тарифті есептеудің арнайы методикасына сүйенсек, инфляцияны ескергенде автобустағы ақы 425 теңге болуы керек еді. Бірақ мұндай баға ақылға қонымсыз, сондықтан "арба сынбайтын, өгіз өлмейтін" шешім – осы» дейді мамандар.
– 600 автобус жаңартылады. Келер жылға да жоспарымыз бар. Газбен қамтылған, экологиялық таза автобус алынады. Алматы қаласы әкімдігінің талабы – кондиционермен қамту. Жүргізушілер айлығын 30 пайызға көтеру жұмысы жүргізіліп жатыр. Ал жеке парктерде де осы жұмыстар атқарылуда, – деді Мобилділік басқармасының бөлім басшысы Азамат Ешанқұл.
Қазір қалада 2100-дей автобус бар. Олар 164 маршрут бойынша адам тасымалдайды. Алдағы өзгеріс қоғамдық көліктің жайын жақсартуға бағытталса, әрмен қарай жаңа автобус алу жоспарланып отыр.
Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Сейфуллин даңғылында орташа жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр