Оң жақ рульді автомобиль иелері көлікті заңдастыруды талап етті

19.09.2022 23:42

Қазақстанда көліктің бұл түрін түркеуге 2018 жылы тыйым салынған

Almaty.tv

Оң жақ рульді автомобиль иелері биліктен көлікті заңдастыруды талап етті. «Ақшаға келген мүлкінен айырылып қалудан» секем алған олар бұл мәселені қайта қарастырса деп отыр.  Ал ІІМ  мұндай көліктердің Қазақстанда легализацияға жатпайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Даурыққан мұндағы жұрттың дені көлікті 4-5 ай бұрын Армениядан, Қырғызстан мен Ресейден алып келген. Алайда Қазақстан аумағында ақшаға келген мүлкін тіркей алмаған темір тұлпар иелері шағымын жеткізді.

«Еріккеннен алған жоқпыз көлікті. Өзімізде сатып жатқан көлікті қандай екенін білесіздер? Бізге дейін қаншама көлік жүр оң жақ рульмен. «Жүргізбейді, болмайды, заңсыз» деп жатқан Үкіметтен «көлікті заңдастырып берсін» деп талап етеміз», – деді қала тұрғыны Ерлан Шыбынтаев.

Шетелден оң жақ рульді көлік алдырғандардың тағы бірі – Сержан. Ол 6-7 миллион теңге құн төлепті.

«Жартылай несиеге алдым. Жартылай алдыңғы көлігімді саттым да, қалғанын несиемен алдым. Мына жердегінің 80 пайызы несиеге алды. Ешкім  қашпайды. Тіркеуіне ақшасын алып, тіркейді. Қуана-қуана тіркейді. Салықтан ешкім қашпайды», – деді қала тұрғыны Сержан Айсаев.

Айта кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ай басындағы жолдауында елге заңсыз жеткізілген көліктерді заңдастыру үшін утиль мен алғашқы тіркеуге 200-250 мың теңгеден аспайтын сомада біржолғы бірыңғай жарна енгізуді айтты. Сөйтіп 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін кіргізілген көліктерге қатысты жағдайды реттеуді тапсырған еді.  

«Кодекстегі түзетулер келесі жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді. Сондықтан заңдастыру келесі жылдан бастап жүргізіледі. Осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінген көліктердің тізімі жасалды. Кейінірек әкелінген автокөліктер заңдастыруға жатпайды. Автокөліктің шығарылған жылына, экологиялық санатына қарай талаптар жоқ. Қалған талаптар бойынша шешім қазір ұлттық және халықаралық заңнаманы ескере отырып қабылданып жатыр», – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев.

Шетелден кіргізілген оң жақ рульді көліктердің мәселесіне келер болсақ, Қазақстанда көліктің бұл түрін тіркеуге 2018 жылы тыйым салынған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі бұған дейін де мәлімдеген болатын. Шетелден әкелінген оң жақ рульді темір тұлпарлар «легализацияға жатпайтын көліктердің» жуырда жарияланған тізіміне де енді.

Оң жақ рульді көліктерден бөлек, қылмыстық істер бойынша іздеуде жүрген, заңды немесе сот қаулысы болған автомобильдер, бұрын тіркелген елдегі тізімнен әлі алынбаған, сондай-ақ толық кедендік ресімдеуден өтпеген немесе иелерінің тіркеу және құқық белгілейтін құжаттары жоқ көліктер және осы жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген темір тұлпарлар заңдастыруға жатпайды.

Оразай Нұртай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеранасы