Қалалық мәслихат депутаттары тұрақтың жетіспеушілігін сынға алды
Алматы халықаралық әуежайында қазан айының соңына дейін қосымша 250 орындық көлік тұрағы ашылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Нысан басшылығы осылайша аумақтағы көлік қозғалысын ретке келтірмек. Оның үстіне, бірінші қабаттың өзі екі деңгейге бөлінген. Бұл төменгі қабатта кептелістің азаюына сеп болады.
– Әуежайдағы көп күттіретін кезек, тұрақтың жетіспеушілігі туралы көп айтылды. Инфрақұрылым нашар. Ғимараттың ішіндегі жүйесіз қызмет көрсету кімді де болса шаршатады. Бүгін инвесторларға ел арасында айтылып жүрген осы мәселелерді жеткіздік. Нақты іс-шара қабылданады деп сенеміз, – деді қалалық мәслихат депутаты Руслан Ыдырысов.
Пікірталас барысында депутаттар тұрақтың жетіспеушілігін сынға алды. Олар «күні-түні тоқтамайтын қозғалыс тұрғындар мен қала қонақтарының жүріп-тұруына кедергі келтіреді» дейді. Ал әуежай басшылығы негізгі орыннан бөлек, қосымша тұрақ болатынын хабарлады. Сондай-ақ пандус астында көліктер үшін орын дайындалмақ.
– Көлік тұрағының жайы расында қиын. Оның үстіне, жөндеу жүргізіп жатқандықтан, кептеліс 2 есе артты. Дегенмен мәселені шешпей, бей-жай қарап отырған жоқпыз. Пандус көліктердің қозғалысын реттеуге біршама көмектесіп жатыр, екі қабатта да қозғалыс жүріп тұр, – деді Алматы халықаралық әуежайының президенті Альп Ер Тұңға Ерсой.
Оқи отырыңыз: Түркияда жол апатынан екі қазақстандық қаза болды