«Алтын орда» базары маңындағы жол қашан аяқталатыны белгілі болды

29.07.2021 01:44

Аталған айналма жол Алматы агломерациясын ғана емес, жалпы елдің транзиттік-көлік әлеуетін дамыту үшін де маңызды

ҚазАқпарат

Алматыдағы «Алтын орда» базары маңында салынып жатқан жол мен көпір құрылысы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ол туралы «QazAvtoJol» ұлттық компаниясы Алматы облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Болатбек Айтбаев айтты. Сонымен қатар, Шамалғанда теміржол үстінен өтетін көпір құрылысы да биыл аяқталады деп жоспарланған. Алып жобалардың жүзеге асу барысы туралы толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.

2019 жылы қыркүйекте Шамалған стансасында пойыз бен автобус соқтығысып, жол апаты болған еді. Оқиға орнында автобус жүргізушісі мерт болып, тағы 3 адам ауыр жарақат алған. Қайғылы оқиғадан соң мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл жерде көпір құрылысы басталды.  

«Салынып жатқан жолдың жалпы ұзындығы 6 шақырымды, ал көпірдің ұзындығы 350 метрді құрайды. Ендігі уақытта жүргіншілер, көлік және пойыз бір-бірінің қатанысына кедергі келтірмейді. Бастысы қауіпсіздікті қамтамасыз етіледі. Бұл жерден күніне 50 мыңнан астам көлік өтеді. Көпір құрылысына 250-ден астам маман және 128 техника жұмылдырылды. Жобаны жылдың соңына дейін аяқтап, халықтың игілігіне беру жоспары тұр», – деді «QazAvtoJol» ҰҚ» АҚ Алматы облыстық филиалы басшысының міндетін атқарушы Болатбек Айтбаев.

Базар маңында салынып жатқан жолайырықтың алматылықтар үшін маңызы зор. Өйткені бұл аумақта бірнеше ірі сауда орталықтары орналасқандықтан адам да, көлік те өте көп. Сондықтан бастысы қауіпсіздікке аса мән беріледі. Ал Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысы 2024 жылы аяқталуы тиіс. Алайда құрылысқа жауаптылар уақытынан бұрын жүзеге асырып, 2023 жылы пайдалануға беруді көздеп отыр. Айналма жол Алматы қаласымен қатар, облыстың Қарасай, Іле және Талғар аудандарын байланыстырады.

«Айналма жолдың ұзындығы 66 шақырым. Оның құрылысы 2019 жылы басталып, қазір қызу жұмыс жүріп жатыр. 66 шақырым автомобиль жолының 13 шақырымы 4 жолақты, қалғаны 6 жолақты болады. Тасжол 1 дәрежелі және онда сағатына 150 шақырым жылдамдықпен жүруге болады. Жалпы бұл жерде 8 бағыт бойынша айналма жол бір-бірімен байланысады және ол өзара 38 көпірді жалғайды», – деді «БАКАД Инвестициялар мен операциялар» ЖШС директоры Айман Жанұзақова.

Аталған айналма жол Алматы агломерациясын ғана емес, жалпы елдің транзиттік-көлік әлеуетін дамыту үшін де маңызды. Бұл Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалдау көлемінің өсуіне де септігін тигізеді деп күтілуде.

Асылбек Тойбек, Данияр Омар «Алматы» телеарнасы