Алматы метросы: Қала тұрғындарының пікірі қандай

31.05.2022 02:04

Мамандардың айтуынша жаңа 2 станса да түнгі 12-ге дейін жұмыс істейді

Almaty.tv

Бүгін көптен күткен Алматы метросының 2 бекеті ел игілігіне берілді. Тереңге түсіп тер төккен құрылысшылардың жұмысына қала тұрғындары оң баға берді, деп хабарлайды тілшісі.


Іске қосылған «Сарыарқа» мен «Бауыржан Момышұлы» стансасының есебінен аялдама саны енді 11-ге жетсе,  ал жерасты жолы 13 шақырымға ұзарды.

Жаңа бекеттердің ашылу салтанатына қала әкім Ерболат Досаев арнайы қатысып, тұрғындар мен құрылысшыларды құттықтады.

Қазақы дәстүрге сай шашуын шашқан батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова көптен күткен тарихи сәтті халықпен бірге осылай бөлісті. Жаңа бекеттердің ашылуына Алматы әкімі Ерболат Досаев та арнайы келіп, тұрғындарды құттықтады. Метроны салып, еңбек еткен азаматтарға алғыс айтты.  

«Өткен жылы бізде мерейлі жыл болды. Жалпы метрополиттеннің ашылғанына 10 жыл толды. Жаңа мамандар келді, өсіп, өнді. Осы екі метроның өзінде 200 жаңа жұмыс орны ашылды. Жастарға айтарым қолдарың ашық болсын, сәттілік тілеймін», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Желі 3 шақырымға ұзарды, яғни жерасты жолының жалпы ұзындығы 13,4 километрге жетті. «Сарыарқа» мен «Бауыржан Момышұлы» стансаларының құрылысы осыдан 7 жыл бұрын басталған еді. Құрлысшылар метроны салуда көптеген қиындық туғанын жасырмайды.Тұрғын үйлерді сүру қолды бір байласа, пандемия келіп тағы кедергі келтіріпті.



«Тұрғын үйлерді сүріп, жерді босату ісі кешіктірілді.  Қиындақтар Үкіметтен бөлінген қаржыға да байланысты болды», –  деді  «Метрополитен» КМК Күрделі құрылыс қызметінің басшысы Айдар Самаликов.


«Сарыарқа» бекетінде 2 жеделсаты мен 8 эскалатор бар. Қабырғалары мәрмәр тастармен өрнектелген. Сарыарқаның кең даласы, арайлап атқан күн мен шауып келе жатқан аттар бейнеленген панно орнатылыпты. Ал «Бауыржан Момышұлы»  стансасында 6 жеделсаты мен 15 эскалатор бар. Ерекше реңк беру үшін ағаш тектес керамикалық панельдер мен гранит қолданылған. Әр пойыздың бекетке келу интервалы 7-10 минут. Мамандардың айтуынша жаңа 2 станса басқалары секілді түнгі 12-ге дейін жұмыс істейді. Сейсмикалық жағынан да секем тудырмайды.

«Жолаушылардың қауіпсіздігі мен қаланың сейсмикалық жағдайы ескерілді. 10 баллдық жер сілкінісіне төтеп береді. Сейсмологиялық құрылыс бойынша түгел монолиттен салынды. Сондықтан оған біраз уақыт қажет болды», – деді  «Алматыметроқұрылыс» АҚ Бас директоры Жәнібек Етекбаев.

Тарихына үңілсек метроның құрылысы 1988 жылы басталған. Бірақ түрлі себеппен 20 жылдан кейін 2011 жылы 7 бекет қолданысқа берілді. Одан кейін 2015 жылы тағы 2 аялдамамен толықты.

«Алдын ала қауіпсіздік шарасын жасағанда ауыр, білмегеніміз болды. Үйрендік, істедік. Сондай қиыншылықтар болды. 2011 жылы 7 станцияны өткіздік. 2000 жуық құрлысшы болды», – деді «Алматыметроқұрылыс» АҚ тау-кен шебері Талғат Қоңыратов.

Тереңге түсіп терін төккен құрылысшылардың жұмысына қала тұрғындары оң баға берді. Халық жаңа көлік қатынасының ашылғанына дән риза.

БЛИЦ:

«Қарапайым халыққа өте ыңғайлы, осы жақын жерде тұрамыз. 10-15 минутта Саяхатқа жетіп барамыз», – деді қала тұрғыны Гүлсара Тойымбетова.

«Өте ыңғайлы болып тұр,  уақытты үнемдейміз. Қуаныштымыз. Әрі қарай да қаланың шетіне дейін созылса жақсы болар еді», – деді  қала Тұрғыны Райхан Құлжабаева.

«Бауыржан Момышұлының тарихта орны ерекше, лайықты шешім деп ойлаймын. Пойыздарыңыз жүргек болсын, қала тұрғындарының игілігі үшін ұзағынан сүйіндірсін», – деді қала тұрғыны Мағауия Есбаева

Жерасты жолын ұзарту жұмыстары  жалғаса береді. 2025 жылы «Қалқаман» стансасының құрылысын аяқтау жоспарланған. Метро тағы 2 шақырымға ұзарады. Сосын Барлық базарына дейін баратын 3 стансаны салу жұмыстары басталады.

Назкен Еркін, Ғани Қалуов, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы