Рысқұлов пен Саин көшелерінің қиылысындағы көпірде ешқандай қауіп жоқ: қалалық Мобильділік басқармасы түсініктеме берді

10.07.2020 03:35

Көпірдің жарық түскен суреті әлеуметтік желіге тарады

Almaty.tv

Алматыдағы Рысқұлов пен Саин көшелерінің қиылысындағы көпірдің жарық түскен суретіне байланысты қалалық Мобильділік басқармасы түсініктеме берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кеше  көпірдің жарық түскен суреті  әлеуметтік желіге тарап, алматылықтар бұл жерден көлікпен өтпеуге шақырған еді. Оның тіпті қауіпті екенін жарыса жазды. Бүгін онлайн брифинг өткізген Мобильділік басқармасының өкілі бұл жайтқа қатысты былай деп мәлімдеме жасады.

«Ол шындыққа жанаспайды. Бұл жобамен қарастырылған. Аралық құрылымдардың арасындағы температуралық және сейсмикалық аралық немесе деформациялық жік деп аталады. Инженерлердің қарау, тексеру нәтижесінде деформациялық жіктердің жақсы жағдайда екені, қауіпті ақаулардың жоғы анықталды. Жіктің герметикалығы қамтамасыз етілген. Ешқандай қауіп жоқ», – деді қалалық Мобилділік басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Абжахан.

Виртуалды жиында қаладағы бірнеше жол айрықтың құрылыс қарқыны қалай жүріп жатқаны айтылды. Осы күні Рысқұлов даңғылы - Емцов көшесі, Сейфуллин даңғылы - Жансүгіров көшесі, Бұқтырма көшесі - Құлжа күре жолы  және Абай даңғылы мен Саин көшесін ұзарту жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, Алматы қаласын дамыту жоспарына сәйкес мегаполистегі тас жолдың 80 пайызын тақтайдай тегістеу көзделген.  

«14 шағынауданда, 469 көшеде ұзындығы 120 км жаңа жолдардың құрылысы жүргізілді. Оның ішінде 294 көше бойынша 73 км жол құрылысы аяқталды. 2019 жылы 147 көшеде, ұзындығы 134,8 км, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, бұл көше жол торабы ұзындығының 5% құрайды», – деді қалалық Мобилділік басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Абжахан.