ТAV түрік құрылыс компаниясына әуежайдың болашақ құрылысына байланыстар тиісті кеңес бергенін мәлімдеді
Алматы Халықаралық әуежайының ескі ғимаратын сүру мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Бұған байланысты отандық сәулетшілер пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олар әуежайдың ескі нысанын сүріп жаңа ғимарат салынуын құптайды. Бірақ жаңа нысан ұлттық нақышынан айырылмаса дейді. Мамандар әуежайдың жаңа акционерлері жергілікті архитекторлар мен тұрғындардың ойымен санасады деген пікірде. Осы ретте қалалық жобалау және урбанистика басқармасы ТAV түрік құрылыс компаниясына әуежайдың болашақ құрылысына байланыстар тиісті кеңес бергенін мәлімдеді.
«Меніңше, әуежай орнын кеңейту керек. Сонымен қоймай төл мәдениетке қолдау көрсетілуі тиіс. Жаңа құрылысшылар нысанды жаңартуды қалайды және олар ғимаратты ел үшін маңызды ескерткіш ретінде санайды, әрине, ол үшін алғыс айтамыз», – деді Қазақстанның Еңбек сіңірген архитекторы Баян Тұяқбаева.
Жалпы Алматы Халықаралық әуежайының түрік инвесторларына өткені туралы ақпарат өткен жылы тараған еді. Бұл мәселе төңірегінде тұрғындар тарапынан түрлі ой-пікір айтылған. Алайда бірқатар сарапшылар мен билік өкілдері әуежай акционерінің ауысуы қызмет көрсету сапасы мен инвестиция тартуға жақсы болатынын айтқан еді. Кей алматылықтар әуежайдың бұрынғы ғимаратының тарихи кейпі сақталғанын қаласа енді бірі халықаралық маңызды нысанның жаңарып, кеңейе түскенін құптайды.