Былтыр алғаш рет Алматыға миллионнан астам турист келген

Былтыр алғаш рет Алматыға миллионнан астам турист келген
Оңтүстік астанада Қазақстанның халықаралық туризм және саяхат көрмесі ашылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өткен жылы Алматыға арнайы келген туристердің саны миллионнан асып жығылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Бір қызығы, 2017 жылы қысқы Универсиада ойындары мен ЭКСПО көрмесі өткеніне қарамастан, былтыр саяхатшылардың саны одан 3,2 пайыз көп болған.

«Біз бірінші рет миллионнан астық. Яғни 2018 жылы Алматы қаласына демалуға келген саяхатшылардың саны бір миллион 89 мыңды құраған. Оның 365 мыңы шетелдіктердің үлесінде», - дейді Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Мақсат ҚИҚЫМОВ.

Биыл 19-рет ұйымдастырылып отырған Қазақстанның халықаралық туризм және саяхат көрмесіне 350 компания жиналған. Әлемнің 27 елінен келген туризм саласының 5 мыңға жуық маманы қазақстандық нарыққа енуге құлықты. Сондықтан, осы көрме аясында 1200 келісім жасалмақ. Оның 300-ге жуығы ішкі туризмге бағытталған. Бұл осы саланың дамуына септігін тигізеді дейді мамандар.

«Туризм саласындағы қарым-қатынасымыз жыл санап өсіп келеді. Бүгінгі халықаралық көрменің ашылуы Қазақстанның Өзбекстандағы жылымен тұспа-тұс келіп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиеевтың кездесуі барысында туризм саласы да талқыланды. Біздің есебіміз бойынша, былтыр Өзбекстанға 2 жарым миллионнан астам қазақстандық турист боп барған», - дейді Өзбекстан республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Аброр ФАТХУЛЛАЕВ.

Ал, Грекияның Туризм министрлігінің өкілі Никос ТОМАТИС болса: «Жыл сайын Грекияға 10 мыңнан астам қазақстандық келеді. Екі ел арасындағы туризм бойынша ынтымақтастық бірнеше жыл бұрын орнаған болатын. Грек диаспорасының өкілдері осында тұрады. Біздің елдің азаматтары әсіресе, Алматы қаласының әсем табиғатына қатты қызығады», - дейді.

Новости партнеров