Қытайда «Ұлы Жібек жолы» VI халықаралық мәдени көрмесі өтті
Алматы – Шанхай ынтымақтастық ұйымының мәдени және туристік астанасы ретінде эстафетаны қабылдады. Бұл туралы Қытайдың Дуньхуан қаласында өткен «Ұлы Жібек жолы» VI халықаралық мәдени көрмесінде белгілі болды. Алқалы жиында екі ел арасындағы мәдени және туристік байланыс талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Жібек жолы» VI халықаралық мәдени көрме-жәрмеңкесінің салтанатты ашылуына саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың басшылары, мәдениет саласының мамандары, 1200-ден астам қытайлық және шетелдік қонақ қатысты. Жаһандық форум алғаш рет Ганьсу провинциясының Дуньхуан қаласында өтті. Ауқымды іс-шара Шығыс пен Батыс арасындағы мәдени байланыстың өзіндік көрінісі болды. Дәл сол жерде Алматының 2023-2024 жылдарға Шанхай ынтымақтастық ұйымына қатысушы елдердің мәдени және туристік астанасы болғаны айтылды.
– Биыл Алматыда мәдени және туристік іс-шаралар өтеді және көптеген ұйымға мүше мемлекеттер Алматының тарихымен, мәдениетімен және табиғатымен танысуға мүмкіндік алады. Ұйымдастыру комитеті белгіленген, тіпті мәдени-туристік орталық астанасының эмблемасына дейін таңдалып қойған, – деді Шанхай ынтымақтастық ұйымы бас хатшысының орынбасары Нұран Ниязәлиев.
Түрікменстан биылғы халықаралық мәдени ЭКСПО көрмесінің құрметті қонағы болды. Бұл елдің өкілдері Мәдениет орталығының Мемлекеттік мұражайы мен Бейнелеу өнері мұражайынан сирек кездесетін бұйымдарды әкелді.
– Көрмеге өзге елден келдім. Оған әшекей бұйымдар және тұрмыстық заттар, ұлттық киімдерді әкелдік. Көрмеге келгендер еліміздің мәдениетімен танысып, терең білім алғанын қалаймыз. Біз үшін бұл өте маңызды, – деді «Жібек жолы» халықаралық көрмесінің қатысушысы Сулгун Бердиева (Түрікменстан).
Көрменің Дуньхуанда өтуі бекер емес. Ежелгі заманда бұл мекен Ұлы Жібек жолындағы империяның қақпасы болған. Бүгінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы тізіміне енгізілген Могао үңгірлері храмдарымен танымал.
Оразай Нұртайұлы, Дияс Махамбетов, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы, ҚХР
Оқи отырыңыз: Алматы музейінде «Таспаға түскен тарих» көрмесі ашылды