Тұрғындарға шабуылдаған адамды атып өлтірді
Канаданың Жаңа Шотландия провинциясындағы атыстан кемінде 17 адам мерт болды. Олардың біреуі полиция қызметкері, деп хабарлайды ҚазАқпарат bbc.com сілтеме жасап.
Тұрғындарға шабуылдаған адамды атып өлтірді. Куәгерлер оның полицияның формасын киіп, полициянікіне ұқсайтын көлікпен жүргенін айтады. Атыс сенбі күні Портапик деген шағын қаладан басталған. Полиция шабуылдаушыны тоқтақпақ болып, 12 сағат бойы арпалысқан. Жергілікті тұрғындарға ешқайда шықпау қажеттігі туралы ескертілген. Баукеспе қолындағы қаруымен Жаңа Шотландиядағы бірнеше елді мекенде болған.
Сондықтан оның нақты қанша адамды өлтіргені әзірге белгісіз. Жергілікті полиция Twitter арқылы 51 жастағы Гэбриел Уортман атты азаматқа күдік келтіріліп отырғанын хабарлады. Ол полиция қызметкері емес, алайда полицияның киімін киіп, полиция қызметкерлері мінетін көлікке ұқсас көлікпен жүрген. Канаданың премьері бұны жантүршігерлік жағдай деп бағалады. Ал Жаңа Шотландия үкіметінің басшысы Стивен Макнил «Бұл біздің провинцияның тарихындағы бұрын-соңды болмаған ешқандай мән-мағынасы жоқ зорлық-зомбылық» деген баға берді.
Канада полициясының басшысы Бренда Луцкий қарақшыны ұстау кезінде тәртіп сақшыларының онымен атысқанын хабарлады. Соған қарамастан бұл жағдайға әзірге «террористік акті» деген баға берілген жоқ. Қылмыстық әрекеттің мән-жайы әлі нақтыланып жатыр. Полиция басшысының сөзінше, шабуылдаушының алдымен нақты жоспары болған, кейіннен ол бей-берекет әрекет ете бастаған.